5.02.2019, 11:04
Қараулар: 17
СРАЛИЕВТЕРМЕН КЕЗДЕСУ

СРАЛИЕВТЕРМЕН КЕЗДЕСУ

Олар Насиолла мен Көрпештің шаңырағында дүниеге келіп, өсіп өніп, тәрбиеленді. Олар ананың ақ сүтімен, әкенің қанымен дарыған адами құндылықтарды бүгінгіге дейін жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын сақтауда. Ұядан ұшқан олар қаз-қатар қанаттанып, еңбек етуге ұмтылды. Қарапайым қара жұмысшының сан мың баспалдақтарынан өтіп, аяқтарын нық басты. Ауылдан қалаға қоныс аударып, қымқуат тірлікке «түбегейлі» кірісті. Құрылыстың қыр-сырын меңгеріп, компанияны қарыштап дамытты. Туған жерден жырақта жүрген ауыл балалары ел үшін еңбектенді. Әлбетте қай жерде жүрсе де, қандай көлік мінсе де бойға сіңген қайырымдылық пен мейірімділікті қашанда жоғалтқан емес. Олар – туған өлкенің жомарт жүректі жандары. Олар татулық пен бірлікті ту еткен ағайынды Сралиевтер отбасы.
Ағайынды Сралиевтер туралы естіп, жазылғаннан бастап олардың кәсібінен бөлек, ауызбіршіліктерінің құпиясын білу көңіліміздің көкейінде жүрген ой болатын. Бүгін соның сәті түсіп, «Рухани жаңғыру» кеңсесінде ағайынды Сралиевтермен кездесу өтті.
– Көп балалы жанұяда өстік. Туған жеріміз Әжібайдағы орта мектепте білім алып, еңбек жолымызды Орал қаласынан бастадық. Біз бала кезден бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруды санамызға сіңіріп өстік. Сондықтан да біз үшін жетістікті бірге көтеру бір бөлек. Марқұм әкеміз: — Сендер, бес ағайынды бес саусақ сияқты біріксеңдер қажымас нардың жүгін көтергендей боласыңдар, -деп үнемі айтып отыратын. Бұл сөзді ешқашан жадымыздан шығарған емеспіз. Кәсібімізді қаладан бастасақ та, ауыл баласының көңілі елге ауып тұрады ғой. Туған елге барған кезде біздің түлеп ұшырғаны үшін рақмет айтуымыз қажет секілді көрінеді. Сондықтан да ауыл игілігіне жарайтын игі іс жасау – перзенттік борышымыз деп санадық. Осы тұста ауылымызға ФАП тұрғызуды және балалар алаңын жасақтауды мақсат еттік. Біз үнемі ауыл жаққа ат басымызды тірейміз. Осы кезде ауылдың ақжарқын адамдарының алғысына бөленіп, бөбектердің күлкісін көрген кезде қуанамыз, — деді Сралиевтер отбасының кенжесі Абзал ағамыз.
Кездесуде әсем ән айтылып, жастар тарапанынан бірқатар сауалдар да қойылды.

Жұлдыз АСҚАР