5.02.2019, 10:49
Қараулар: 44
ЖАСТАР ЖЫЛЫ: ЖАСТАР – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

ЖАСТАР ЖЫЛЫ: ЖАСТАР – ҚОЗҒАУШЫ КҮШ

Елбасының биылғы жарияланған Жолдауы жастарды бір серпілтіп, бойына жігер сыйлағандай. Cебебі еліміздің болашағы – жастарға айрықша көңіл бөліп, жастар жылын қабылдауға ұсыныс білдіруі қоғамның ауызбірлігін еселеп арттырды. Осы тұста Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков 28 қаңтар күні «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде жастармен бейресми кездесу өткізді.
— Жастар – кез келген мемлекеттің ең белсенді бөлігі, қоғамның қозғаушы күші. Сондықтан ел тірегі – жастар екенін естен шығармаған абзал. Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіруі жолында жастардың атқаратын рөлі зор. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңында жастар саясатының мақсаты – жастардың рухани, мәдени, білім алып, кәсіби толыққанды дамуы, шешімдер қабылдау процесіне қатысуы, ойдағыдай әлеуметтенуі және олардың әлеуетін елді одан әрі дамытуға бағыттау үшін жағдайлар жасау екені көрсетілген. Заңдағы талаптарды ескере келе мемлекет тарапынан жастарға жан-жақты қолдау көрсетіліп келеді. Мәселен, білім саласында жас мамандарды ауылға тартуды көздейтін «Дипломмен ауылға» бағдарламасы, шетелде білім алуға мүмкіндік беретін «Болашақ» халықаралық стипендиясы, «Серпін» бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Сондай-ақ «Жұмыспен қамту – 2020», «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламалары бар. Ал «StartapBolashak» бизнес-жобалар байқауы ғылым мен технология, инновацияға жақын жастардың танылуына мүмкіндік береді. Осындай мүмкіндік туғызып отырған уақытта жастар өз мүмкіндіктерін жіберіп алмауы қажет. Себебі мұндай мүмкіндік кез келген уақытта беріле бермейді. Ал осындай мүмкіндіктерді пайдаланғандар қатарында Қазталов ауданының жастары болса нұр үстіне нұр болар еді. Жастар, біз сіздерден жарқын жобалар күтеміз. Бір жылмен көлемінде шектелген жоба емес, өміршең жобалар болғанын қалаймыз, — деді аудан әкімі Абат Абайұлы жастармен кездесуде.
Кездесу барысында аудан жастары түрлі ұсыныстарын білдіріп, пікірлерін ортаға салды. Жастар жылы жарқын жобаларға толы жыл болады. Себебі аудан басшысы алдына ұсынылған жобалардың бірқатарының негізгі қозғаушы күші жастар болмақ. Олар жобалардың алғашқысы туризм және экология орталығының әдіскері Мағжан Нағымның ұсынған көршілес Ресей елімен бірлескен туристік-өлкетану жобасы болды. Бұл жобаның мақсаты – еліміздегі туризмді, соның ішінде Қараөзен мен Сарыөзен арасындағы орналысқан аудан үшін су туризмін дамытып, алға қарай адымдау. Ол үшін облыстық және көрші ауданның туризм орталықтарымен келіссөздер жүргізіліп, аталмыш жоба мамыр айында жүзеге асады деп күтіліп отырғанын жеткізілді. Шара барысында Абзал Есенғазиев өзінің «Таным. Мейірім. Харекет» жобасын ұсынып, бұл жобаның алғашқы қадамдарының жасалғанын айтты. Негізгі мақсаты – ауыл көшелеріне есімі берілген адамдардың өміржолы мен еңбектері туралы түсінік жұмыстарын жүргізіп, оқушылардың бойына мейірімділік қасиетін ұялату және әрекет емес, харакетпен жасауды ұғындыру болып табылады. Бұл жобалармен қатар Тереңкөл ауылдық округінің жастар кеңесшісілерінен дала сағылары, киелі жануар киікті сақтау мақсатында «Киіктерді қорғаймыз» жобасы ұсынылды. Бұл жоба аудан әкімінің назарын аударып, өз кезегінде қолдау табу керектігі айтылды. Аудан басшысы Қазталов мектебінің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлнұр Абузарованың «Bookdating and smaill» жобасы бойынша кітапқұмарлар клубын құру үшін арнайы бөлме берілетіндігін және бұл жобаның іске асуы үшін қиындық жоқ екенін ашып айтты. Кездесу барысында жастар тарапынан «Жайдарман» ойындар лигасын өткізу, оған жарна төлеу арқылы көршілес аудандарды қатыстыру, қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбаевтың қарасөздерін насихаттау, сондай-ақ аймақтық қысқы ойын түрлерінен сайыстар өткізу туралы ұсыныстар түсті.шараға қатысушылардың бірі Ботагөз Айтмағамбетова өзінің ватцап желісінде аудан бойынша қолөнерге қызығушылық танытатындар қатары көп екенін айтып, алдағы уақытта қолөнер шеберлерінің басын қосатын клубтың ашылуына себепкер болды.
Мінеки, бұл кездесуде берілген жастардың бірқатар жобалары мен ұсыныстары. Кездесу соңында ұсынылған жобаларға қолдау көрсетілетіндігі, тек автор тарапынан іркіліс болмау керектігі айтылды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК