19.12.2018, 11:30
Қараулар: 27
ҚАЗТАЛОВТА САЗ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

ҚАЗТАЛОВТА САЗ МЕКТЕБІ АШЫЛДЫ

5 желтоқсан күні Қазталов ауданы орталығында саз мектебі ашылды. Ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы болған саз мектебінің құрылыс жұмыстары былтырғы жылы басталған болатын. Бұл жобаға облыс бюджетінен 87 млн. 615,9 мың теңге аударылып, құрылыс жұмыстарын аудан халқына жақсы таныс «ЖолаушыЖол» ЖШС сапалы аяқтап отыр. Номиналдық қуаты 24 бала арналған саз мектебінде музыкалық аспаптар сыныптарымен қатар, би, концерт залдары бар.
Нысанның ашылу салтанатына облыс әкімі Алтай Көлгінов арнайы келіп, ауыл тұрғындарын құттықтады. Саз мектебінің лентасын осы салада ұзақ жылдар қызмет жасаған, мәдениет саласының ардагерлері Ғалымжан Нығметов пен Қорлан Ахметқалиева кессе, мектептің кілтін «ЖолаушыЖол» ЖШС директоры Серік Темірханов саз мектебінің директоры Жадыра Тілеубаеваға табыс етті.
Жаңа нысанның ішін аралап көрген Алтай Сейдірұлы ауыл ақсақалдарымен жүздесіп, -Елбасымыздың салиқалы саясатының арқасында облысымыз бойынша ауқымды жобалар мен жұмыстар атқарылып жатыр. Солардың қатарында Қазталов ауданында да біршама істер атқарылғанына өздеріңіз куәсіздер. Ауданға ауыз су, көгілдір отын тартылып жатыр, көшелерге қара жамылғы төселуде. Келесі жылы аудан орталығына қатқыл жолды да жеткіземіз. Жаңадан мектеп салуды да жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ Қазталовтағы басты мәселе — ауыз судың уақытпен берілуі. Бұл мәселенің де шешімін табуға ықпал жасаймыз. Бір қуантарлық жағдай — келесі жылы жоғары сапалы интернет желісін Қазталов ауданына да жеткізетін боламыз, — деді.
Ауыл ақсақалдары атынан еңбек ардагері Ғалымжан Нығметов тілек айтып, — Саз мектебінің құрылысы көптен бері мәселе болып көтеріліп келген еді. 1965 жылы саз мектебі аудан орталығында алғаш рет ашылғанымен, жеке дара өз ғимараты болған емес. Міне, 53 жылдан соң жаңа саз мектебіне қол жеткізіп отырмыз. Осындай керемет нысаннның аудан орталығынан бой көтеруіне жұмыстанған Алтай Көлгінов бастаған ұжымға аудан тұрғындары атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз! – деп ықыласын білдіріп, қуанышын жасырмады.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар