19.12.2018, 11:25
Қараулар: 3
12 ОТБАСЫ «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ПӘТЕР АЛДЫ

12 ОТБАСЫ «НҰРЛЫ ЖЕР» БАҒДАРЛАМАСЫ БОЙЫНША ПӘТЕР АЛДЫ

Ауданымыздың Жалпақтал ауылында «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған екі қабатты 12 пәтері бар тұрғын үй және оның инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарының құрылысы толықтай бітіп, пайдалануға берілді.
Осыдан 4 ай бұрын қолға алынған тұрғын үй ғимараты бүгін міне мемлекеттік бағдарлама бойынша 112,6 млн теңге қаражат бөлініп, «Эврика» ЖШС-гі атқарып шыққан пәтер иелеріне есігін айқара ашпақ.
Салтанатты шараның ашылуына келген облыс әкімі Алтай Көлгінов тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
-Бүгін міне өте қуанышты күн. Сіздерді қоныстарыңызбен құттықтайын деп арнайы келіп тұрмын. Ауыз судың, көгілдір отынның келуі, жол, тұрғын үй салынуы мұның барлығы біздің тұрғындардың, еліміздің азаматтарының өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттің жұмысы.
Тәуелсіздігіміздің, Елбасының салиқалы саясатының нәтижесінде еліміз өркендеп, дамуда. Соның айқын көрінісі «Нұрлы жер» бағдарламасының ойдағыдай жүзеге асуы. 5 қазан күні Елбасының халыққа арнаған Жолдауында «Нұрлы жер» бағдарламасының 2025 жылға дейін ұзартылғанын мәлім етті. Мемлекет басшысы тұрғындардың қолжетімді баспанасы болсын деп аталған бағдарламаны қабылдады. Оның нәтижесін халық көріп отыр. Ашылғалы тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған аудандардағы 104 үйдің біреуі. Ал облыста «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламасымен 3500 пәтер салынып жатыр. Күні кеше Тұңғыш Президент күніне орай облыс орталығы Орал шаһарында 120 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Алдағы уақытта тоғыз қабатты екі үйді тапсыру жоспарлануда. Бұл біздің тұрғын үй кезегінде тұрған және мұқтаж азаматтарға «7-20-25» бағдарламасы, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі арқылы қолжетімді баспана беріледі. Бүгін міне Жалпақтал ауылының орталығында керемет тұрғын үй салынды. Қазталов ауданында биылдың өзінде бірқатар жұмыстар істелінді. Шалғай жатқан ауылдарға ауыз су тартылды. Алла бұйыртса аудандағы 13 елді мекен көгілдір отынның игілігін көреді. Алдағы жұмада «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша үлкен күре тамыр жолды іске қоспақпыз. Ол 104 шақырым РФ Саратов облысына баратын сегіз жолақты, шекарадағы жолымен табыстайтын боламыз. Алдағы уақытта Самараның, Орынбордың жолдарын жасайтын боламыз. Біз батыс қақпадамыз бізге кіретін жолдарды жақсартамыз. Ал Қазталов ауданына баратын жол 2019 жылы аяқталып, әрі қарай Жәнібекке, Сайхынға және Хан Ордасына баратын жолдарды үш жылдың ішінде аяқталу керек деп мамыр айында келгенде Елбасы айтқан болатын. Оңтүстік аудандарымызда сапалы жол болады. Құрметті ағайын бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын. Баспанаға ие болып жатырған отбасыларды құттықтаймын! Шаңырақтарыңыз бақыт пен шаттыққа, жылу мен мейірімге толы болсын. Отбасыларыңызда тек қуаныштар бола берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, егемендегіміз еңселі, көк байрағымыз көкте желбіреп, әнұранымыз асқақтай берсін. Бүгінгі қуаныштарыңыз тағы да құтты болсын,-деді өңір басшысы Алтай Сейдірұлы.
Мұнан кейін облыс әкімі Алтай Көлгінов, аудан әкімі Абат Шыныбеков, «Эврика» ЖШС-нің директоры Олег Тетера, аудандық ақсақалдар алқасының төрағасы Нағым Ризуанов, Жалпақтал ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ғилым Едекешев жаңа қонысқа ие болған 12 тұрғынға пәтер кілтін табыс етті. Су жаңа үйді иеленушілер атынан Ботагөз Ахметова сөз сөйлеп, Елбасына, облыс, аудан басшыларына шынай ризашылығын білдірді.
Бұдан соң Алтай Сейдірұлы жаңадан салынған пәтерді иемденген Айгүл Өтебалиеваның қонысына бас сұғып, оны қуанышымен құттықтады. Қоныс иесі пәтер кезегінде бірнеше жыл тұрғанын айтып, «Нұрлы жердің» нәтижесінде арқа-жарқа, сәре-сәре болып жатқандығын жеткізіп, алғысын айтты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ