19.12.2018, 11:03
Қараулар: 66
«ТҰҒЫРЫНАН ТАЙМАҒАН ТҰЛҒА»

«ТҰҒЫРЫНАН ТАЙМАҒАН ТҰЛҒА»

4 желтоқсан күні Қазталов аудандық мәдениет үйінде қоғам қайраткері Рахметолла Хамитұлы Сүйербаевтың 80 жасқа толу құрметіне орай «Тұғырынан таймаған тұлға» атты дәріптеу кеші өткізілді.
Қазақта жақсы адамдар көп-ау, бірақ
Бір аға керек сіздей дара-сырлы, -деп ақын жырлағандай Рахметолла Хамитұлы тек өңіріміздің ғана емес, еліміздің қайраткер тұлғасы деп айта аламыз. Өйткені халқымыз ерді ісіне қарап таниды. Ата-бабаның қанынан қалған үлкенді сыйлау, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен дәстүрді берік ұстау, үлкенге ізет көрсету жалпы жалпақ жұртыңды, алашыңды құрметтеу алдымен өз еліңнің азаматтарын ардақтаудан басталып, ұлыларымызды ұлықтай білгеннен тұлғалана түспесек, аласармасымыз белгілі. Рахметолла Хамитұлы Казталов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына өзіндік қолтаңба қалдырып кеткен білікті басшы. Кеңес мемлекетінде «Қайта құру» дәуірі басталар алдында (1984 жыл) аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызметке кіріскенде оның алдында қыруар шаруалар тұрған болатын. Аудан негізінен мал шаруашылығы және егінмен айналысқанмен де әлеуметтік әлеуеті жағынан дамымай қалған өңір еді. Сол кездегі белгілі қоғам қайраткері Мұстахим Ықсанов осы ауданның әлеуетін көтеру үшін осындай білікті адамды басшылыққа жіберуі мақсат еткен болса керек.
Рахметолла Хамитұлы ауданның тізгінін қолға алғаннан кейін ең бірінші кезекте кадрларға талапты күшейтіп, білікті де, ұйымдастырушылық қабілеттері жоғары жастарды түрлі салаларға басшылыққа тартты. Сонымен қатар мал шаруашылығын дамытудың ең бастысы – жоғары сапалы жем-шөп қорын жасауға күш салды. Ал экономиканы көтеретін ол еңбек адамдары. Міне, осыны түсіне білген білікті басшы малшы-шопандардың, механизаторлардың тұрмыстық жағдайын жасауға да көп көңіл бөлді. Мәселен, сол кездерде ауданның малшы-шопандарының үйлерінде монша салуды қолға алғызса, өзен жағасында орналасқан шопандардың үйлерінің жанынан бау-бақша өсіруді де тәжірибеге еңгізді. Соның айғағындай сол кездегі Қараоба кеңшарында Шәке Қалиевтің бау-бақша өсірудегі іс-тәжірибесі Республикаға таратылды. Рахметолла Хамитұлы қызметке келгенге дейін аудан орталығында құрылыс жұмыстары, соның ішінде тұрғын үйге сұраныс көп болса, әлеуметтік орындардың да ескі болуы көңілге кірбің ұялататын. Осы жұмыстарды ол шеше білді. Бүгінгі күнде орталық базар, аудандық мәдениет үйі, орта мектеп, аудандық кітапхана, қазіргі қорғаныс бөлімінің ғимараты және ПМК ықшам ауданы аталып кеткен тұрғын үйлердің барлығында осы алғыр басшының қолтаңбасы жатқанын қазталовтықтар мақтанышпен айтады. Рахметолла Хамитұлы ағамыз жоғары талап қоюымен қатар қарапайым да, әділ басшы болды. Ол еңбек адамдарының ақыл-кеңестеріне үнемі сүйенсе, сонымен қатар малшы-шопандарға іссапарға барғанда галстук пен костюмді ілгішке іліп қойып, галифе шалбар, керзі етік киіп, олардың шаруасымен қоян-қолтық араласатынын бүгінгі замандастары аңыз қылып айтуда. Халқына жаққан басшы осындай болса керек. Білікті басшы елді дамытса, халқы да басшысын жоғары көтерді. Рахметолла Хамитұлы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүргенде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Бүкілодақтық партия конференциясының делегаты болып та сайланды. Бұл ол кісінің атқарған қызметіне берілген баға еді. Төрт жыл қызмет жасағанда ол ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына түбегейлі бетбұрыс жасады. Рахметолла Сүйербаев жоғарғы қызметке ауысқанда аудан халқы бұл азаматтың әлі де болса елде қызмет жасағанын қалаған болатын. Бірақ елге бұдан да зор қызмет істеудің баспалдағына жоғарылап жатқанда қазталовтықтар ағамызға зор ықыластарын білдірді.
Енді міне ауданға еңбегі сіңген қайраткер ағамыз өзі қызмет жасаған елге келіп, 80 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтой иесін аудан әкімі Абат Шыныбеков құттықтады. Сонымен қатар салтанатты шарада сөз алған БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов, қызметтес болған Абат Есенғалиев, Нәсіпқали Иманғалиұлы, Балғаным Кәкімова, Мұқас Спандияров және замандастары Кәрім Өтеғұлов, Нағым Ризуанов басқа да жұмыстас іні-қарындастары құттықтап, ағамыздың өнегелі еңбек жолы туралы қызықты әңгімелерін ортаға салды.
Сондай-ақ өзі салдырған Казталовка орта жалпы білім беретін мектебінде болып, ұстаз, шәкірттермен кездессе, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде жастармен жүздесіп, сауалдарына жауап берді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар