19.12.2018, 10:58
Қараулар: 135
АҚПӘТЕРЛІКТЕР ЧЕМПИОНДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

АҚПӘТЕРЛІКТЕР ЧЕМПИОНДЫ ҰЛЫҚТАДЫ

Румынияның бас қаласы Бухаресте 68 келіде алтыннан алқа таққан ақпәтерлік Нұрбол Серіковты Ақпәтер жұртшылығы ауыл іргесінен құрмет көрсетіп, ақ дәммен, бауырсақпен қарсы алды.
Ауыл ішінде көк туды желбіреткен әлем чемпионы Нұрбол Серіков өз оқыған білім ордасына келді. Жалпақтал балалар өнер мектебінің ұстазы Айдар Досқалиев жүрекжарды арнауын арнаса, ауыл ардагері Амантай Дүйсенғалиев құттықтау лебізін білдірді. Мұнан кейін ақпәтерліктер чемпионға сәйгүлік тарту етті. Нұрбол Серіков білім алған орта мектепте ұстаздарымен, оқушылармен кездесті. Ән жырдан шашу шашқан мектеп оқушылары чемпионға естелік сыйлық жасады. Ал Нұрболды білім нәрімен сусындатқан ұстазы Алтын Темірболатова оқушысының қарапайымдылығы мен қайсарлығына, қамқорлығын айтып, деніне саулық, сәттілік тіледі. Білім ордасына құр алақан келмеген әлем чемпионы Нұрбол Серіков алғашқы бапкері Жеңіс Қанатұлына спорттық құралдарды табыстады.
Мұнан әлем чемпионын ұлықтау мәдениет үйінде жалғасты. Тұңғыш Президент күнімен тұспа-тұс келген мерекеде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова, БҚО бойынша самбо күресінен вице президенті Рустам Шайхиев, Ақпәтер ауылдық округінің әкімі Нұрхат Булаев ауылдастарды мерекемен құттықтады. Ақпәтерлік өнерпаздар ән-жырдан шашу шашты. Сонымен қатар мерекелік жиын барысында Нұрболға құрмет көрсетіліп, ауыл әкімі Нұрхат Сатыбалдыұлы талдыапандық ағайындардың сәлем жеткізіп, әлем чемпионына тұлпар мінгізгенін айтып, алғашқы бапкері Жеңіс Қанатұлына шапан жапты.

Сонымен қатар әлем Чемпионы Нұрбол Серіков бала кезінен өз жаттығып, тәлім тәрбие алған Ақпәтер күрес залында болашақ чемпиондармен кездесті.
Бүгінде Ақпәтер күрес залында төрт бапкер болашақ чемпиондарды дайындауда. Кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқарамысының басшысы Әсия Аманбаева, аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова бірге болды. Кездесуде әлем чемпионы өмір тәжірибесі туралы әңгімелеп, алға қойған мақсаттары мен болашақ жоспарларымен бөлісті. Болашақ чемпиондарды салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, тұрақты түрде спортпен шұғылдануға кеңес берді. Сонымен бірге, Нұрбол Серіков спортқа бір табан жақын болған ерлердің бәсі биік болып, жолы оңғарыла түсетінін жеткіншектердің жетесіне жеткізіп айтты.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ

 

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар