8.11.2018, 11:25
Қараулар: 4
АРДАГЕРЛЕР САРЫӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА БАСҚОСТЫ

АРДАГЕРЛЕР САРЫӨЗЕН ЖАҒАСЫНДА БАСҚОСТЫ

7 қараша күні Бостандық мәдениет үйінде аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен Бостандық бастауыш ардагерлер ұйымының іс-тәжірибесіне арналған «Бастауыш ұйымдар – ардагерлер қозғалысының негізгі тірегі» атты көшпелі семинар-кеңес оздырылды. Семинар кеңеске ауылдық округ әкімдері мен бастауыш ардагерлер ұйымының төрағалары қатысты. Семинарға қатысушылар қоғам қайраткері Қабира Салықованың бюстіне гүлшоқтарын қойып, мектептің музейін аралап, жәдігерлер тарихымен танысты.
Семинар барысында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы сөз алып, — Елбасымыз Қазақстан халқына Жолдауында келер жылы «Жастар жылы» деп жариялап, осыған орай ауданымыздың жастары өз жобаларын ұсынып отыр. Осы отырған «Асыл әжелер» ансамблі күні кеше Елордамыз Астананың 20 жылдығына және Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласына өз үлстерін қосу мақсатында Астана қаласына барып, еліміздің сәлемін, дәмін апарып, бағдарламаларын ұсынып қайтты, — деді.
Семинарда Бостандық бастауыш ардагерлер ұйымының төрағасы Серікбай Жапақов ардагерлер ұйымының жыл ішінде атқарылған жұмыстарының есебін хабарлады. Атап айтар болсақ, ауылда 192 ардагерлер тізімде тұрса, соның 28-і бастауыш ардагерлер ұйымына мүше. Осы ұйым мүшелерімен ауылда қиындық келтірген мәселелерді шешу жолында жұмыстанып келеді. Тәуелсіздіктің 10 жылдығында құрылған «Асыл әжелер» ансамблі түрлі байқауларда жүлделі орындардан көрініп, ауыл жастарына өздерінің ақыл-кеңестерін айтып, түрлі тәрбиелік маңызы зор кездесулер өткізді. Сонымен ұатар ауылда «Алтын», «Зүбаржат» тойларын тойлау да дәстүрлі түрлі жүзеге асып келеді. Өздерінің жасының үлкендігіне қарамай шаруа қожалықтарын дөңгелетіп отырған ардагерлер де бар. Олар тұрмысы төмен отбасыларға жазғы кезде жем-шөпті жеткізіп беріп, көмектерін көрсетіп келеді.
Сонымен қатар ардагерлер туралы заңның болмауы, кейбір мәселелерідің шешілуіне қиындықтар келтіретінін де айтып өтті.
Семинарда аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мирлан Құсайынов қайырымдылық айлығының қорытындысы туралы және аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева қоғамдық ұйымдармен атқарлып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сондай-ақ Жалпақтал аудандық ауруханасының директоры Алмас Тоғайбайұлы мен Қазталов орталық аурухананың терапевт дәрігері Диана Хабилова ардагерлерді медицинамен қамту туралы айтып өтті.
Семинарда ардагерлер ауданымызда дәрігерлер мамандарының жетіспейтіндігі, осыдан келіп емделуде қиындықтар туып отырғандығын тілге тиек етсе, іргеміздегі Еділбай сорынан шипажай ашу, ардагерлердің арнайы есеп шоты ашылса, ұзақ өмір сүру орталығы ашылса деген ұсыныстар жеткізді. Семинар соңы «Асыл әжелер» ансамблінің концерттік бағдарламасына ұласып, қоңыр күздің жайма шуақ күнінде Бостандық ауылына жиналған ардагерлердің көңілдері бір көтеріліп қалды.

Гауһар ӘДІЛЖАН

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар