8.11.2018, 11:22
Қараулар: 44
ЖАСТАРМЕН ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

ЖАСТАРМЕН ЖАРҚЫН ЖҮЗДЕСУ

7 қараша күні Бостандық ауылдық округінде аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова аудан жастарымен жүздесті. Кездесуде әрбір ауылдық округтердің жастар ресурстық орталығының мамандары мен жастары қатысты. Кездесу барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Исатайқызы, -Жастар саясаты мемлекеттік саясаттың ажырамас бөлігі ретінде дамып, бүгінгі таңда елімізде жүзеге асырылып келеді. Елбасымыз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен еліміз бойынша жастарға қатысты маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар жарияланып, сәтті жүргізілуде.
Аудан халқының 20%-ын жастар құрайды. Яғни, 14-29 жас арасындағы жастарымыз. Күні кеше Елбасымыз өз Жолдауында келер жылды Жастар жылы деп қабылдады. Яғни, осы Жастар жылында бірқатар жобаларды жүзеге асырып, жұмыс атқаруымыз қажет, -деді.
Кездесуде Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының басшысы Райымбек Нұрекешов, «Қазталов жастар кеңесі» ЖҚБ-нің төрайымы Жұлдыз Талапова, Тереңкөл ауылдық округі бойынша жастар ресурстық орталығының кеңесші маманы Есен Әбішев 10 айдың ішінде жастар саясатының жүзеге асырылуы жөніндегі хабарлама жасады. Жастардың атқарылған жұмыстарының хабарламасын тыңдаған аудан әкімінің орынбасары өз ұсыныстары білдірді.
-Әрине, аудан жастарымыздың атқарып жатырған жұмыстарын мүлдем жоқ деуге келмес. Бірақ та біздің жастардың арасында жұмыс барысында күнделікті жұмыс жоспары қалыптаспаған. Яғни, бір жылдық жоспардан, айлық және апталық жоспар шығарсақ, өзіміздің жұмысымыз да жүйеленері сөзсіз. Бұл мақсатта жастардың арасында болашақта көшпелі шаралар ұйымдастыруды қолға алу маңыздырақ болып отыр. Осының аясында әрбір ауылдық округте отырған кеңесші мамандар Жастар жылына аудандық деңгейде өтетін жобаларын ұсынса, ұтарымыз көп болады. Сондай-ақ бұған қосымша Қазталов, Жалпақтал ауылдарында облыстық деңгейдегі жобаларды өткізуіміз керек. Бұның сыртында Тереңкөл ауылдық округіне жастарымыздың білімі мен біліктілігін және көшбасшылық қабілетін анықтайтын «Интелектуальный клуб» ашуды жоспарға еңгізу қажет, -деп біраз ұсыныстарын айта келіп, жастар кеңесшілеріне Жастар жылына жоспар жасақтауды тапсырды.
Сонымен қатар ауылдық округтің жастар ресурстық орталығының мамандары мен белсенді жастар атқарылған жұмыстары жөнінде айтып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Айта кетер болсақ, Тереңкөл ауылдық округінің жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Райымбек Тілеков болашақта өз өлкеміздегі ақындардың шығармашылығын жастар арасында дамыту мақсатында Қадыр оқуларынан байқау өткізу, сондай-ақ тереңкөлдік жас ақындардың басын қосып Нығмет Нағымов атындағы ақындар клубын құруды жоспарлап отырғандарын тілге тиек етті. Жалпы кездесуде жастарымыздың көңілге қонымды тың ойлары мен жобалары бар екенін анық байқадық. Тек соларды сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдесе, жастар саясатын жүзеге асыруда жастарымыздың белсенділігі ауадай қажет болары сөзсіз.

Жұлдыз АСҚАР

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар