АЙМАҚ

СПОРТ

ҚОҒАМ

Құттықтаулар

КӘСІПКЕР ЕҢБЕК ТӘЖІРИБЕСІМЕН БӨЛІСТІ

Күні , 16 рет оқылды

4 қараша күні Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков бастаған шаруа қожалық жетекшілері облыс жұртшылығына жақсы танымал «Перспектива Кан» ЖШС иелігіндегі тасы өрге домалаған шаруашылықта болып қайтты. Облысымыздағы құрылыс саласындағы алпауаттардың бірі болып саналатын бұл мекеме негізінен көлік инфрақұрылымы мен автомобильдер жолдарын жөндеу жұмыстарымен айналысады. Нұрлан Карин басқаратын кәсіпорын соңғы екі жылдан бері атакәсіп мал өсіруге бет бұрып, жақсы нәтижелі жұмыстар атқаруда. Зеленов ауданына қарасты Январцево ауылдық округінен  жер алып, шаруасын бастап жатырған Нұрланның ісіне бізден бұрын облыс әкімі Алтай Көлгінов куә болып, нәтижелі жұмысқа ризашылығын білдірген болатын. Нұрланның шаруа қожалығында бас қосқан қазталовтық шаруалар 500 бас ірі қараға арнап салынып жатырған мал бордақылау алаңының құрылысымен танысып, нысанның заманауи бағытта салынып, сапалы құрылыс материалдары жұмсалып жатырғанын өз көздерімен көрді. Сонымен қатар бордақылау алаңының қасынан жұмысшыларға арналған үй де салынуда. Жаңа мал бордақылау алаңынан 2-3 шақырым жол жүргеннен кейін, шаруашылықтың негізгі орын тепкен қонысына ат басын тірейсіз. Алдыңыздан табиғат сұлулығы мен адам еңбегінің үйлесім тапқан әдемі көрінісі шығады. Жері құмайт, тал мен тергі мол, аңғарлы өзеннің бойында қаз қатар тізілген қоралар мен әдемі заманауи үйлерді көргенде, еріксіз ойыңызда: — бұл демалыс орны ма? –сұрақ туары сөзсіз. Иә, біздің бұл суреттеуіміз тым әсірелеу сияқты болып көрінер. Дегенмен, барып өз көзімізбен көргесін жазып отырмыз. Мақаламыздың негізіне қайта оралайық. Қыстақта 200 бас қазақтың асыл тұқымды ақбас малына арналған қоралар мен бордақылау орындары да бар. Сондай-ақ бие байлайтын орын мен атқораны да көруге болады. Малға қажетті жем сақтап оны тартатын механизм орналасқан ангар салынған. Малдың жағдайын бақылайтын ветеринар дәрігер тартылып, арнайы малды зерттейтін және емдейтін лабаратория да орналасқан. Мал күтімі, азық беру және мал көңін шығаруда қол күшінен арылтып, бәрін техника шешкен. Қыстақта орналасқан үйдің ішін айтпағанда айналасына тал-теректер егіліп, баққа айналуда. Өз иелігіндегі қыстақтарды аралатып көрсеткен Нұрлан қазталовтық шаруалармен әңгімелесіп, еңбек тәжірибесімен бөлісіп: — Шындығына келсе, бұл менің бизнесімнің негізгісі емес. Өзім ауылда туып-өскесін малдың не екенін білемін ғой. Бастапқыда балаларымды ауыл өміріне және еңбекке тәрбиелеу үшін атакәсіп мал өсіруді қолға алдым. Шаруамды бастамас бұрын шетелдерді аралап, олардың озық технологиялары мен тәжірибелерін байқадым. Расын айтса мал өсіруді қолға алып отырған Америка, Автралия, Аргентина, Жапония сияқты елдерден үйренетіні де, жиренетіні де бар. Ойлана келе еліміздің бренді саналатын ақбас сыйырды өсіруді қолға алдым. Менің алдағы мақсатым – малдың санымен емес сапасымен өнім алып, шетелдің тәжірибесінде ірі-қараны 100 пайыз өңдеуді жолға қою. Яғни, тек қана еті емес, терісін, сүйегін, ішкі органдарын бәрін де өңдеу. Қазіргі күнде қытайлықтар малды 100 пайыз өңдеуде жақсы жетістіктерге жетіп отыр. Сонда ғана біздің малдың құны жоғарлайтын болады.  Егер осы жұмыстар жүзеге асса бір бас малдың құнын 15 мың долларға дейін жеткізуге болады. Жақында менің шаруашылығымда Ресейдің астанасы Москвадан келген қонақтар болды. Олар да қазақтың ақбас сыйырының етіне қызығып отыр. Себебі – біздің малдың етінде ешқандай қоспа мен концентранттар жоқ. Таза мәрмәр ет дайындауға мүмкіндік бар. Далада еркін жайылған малдың етінде табиғи элементтер ғана болады. Ендігі бір жүзеге асатын шаруалардың бірі – қыстақтың айналасын демалыс зонасына айналдыру. Биылғы жылы 500  түп жеміс ағаштарын ектік. Ағаштарды тамшылату әдісімен суарамыз. Быкова өзенінің жағасынан жағажай жасақтап жатырмыз. Қыстақтың қасынан туристер келіп демалатын үйлерді де салуды жоспарлап отырмын. Оған қажетті коммуникацияларды тартып қойдық. Нәтижесінде, мында демалуға келген туристер таза табиғи сүт, қымыз ішіп, таза мәрмәр ет жеп, таза ауда демалыстарын өткізетін болады. Бұл жердің экологиясы да таза болмақ. Мұннан шыққан қатты және сүйық қалдықтарды арнайы полигондарға алып кетілсе, ал малдың көңін егіс даласына тыңайтқыш ретінде шашылады. Мал бағатын жұмысшыларға келсек, олар вахтамен қызмет жасайды. Жататын орны, тамағы, киімін мекеме өз мойнына алған. Барлық керекті жағдай жасалған. Тек еңбек ету керек, — деген ойын ортаға салды. Міне, ата кәсіпті дөңгелетіп отырған азаматтың бүгінгі тыныс-тіршілігі осындай. Қазталовтан барған шаруалар да таңданыстарын жасыра алмады. Нұрлыбай Жолдыбаев, «Бауырларым – Нарым» шаруа қожалығының жетекшісі, аудандық мәслихат депутаты: — Бүгінгі заманға сай мал бағуды жетілдіріп жатырған Нұрлан ағамыздың тірлігіне риза болдым. Ата кәсіпті жетілдіріп қана қоймай, алға дамытуды мақсат етіп отыр. Біраз нәрсе үйренуге болары сөзсіз. Алдағы жұмысына сәттілік тілеймін! Қуаныш Ермеков, «Ерқанат» шаруа қожалығының жетекшісі: — Міне, Нұрлан ағамыздың еңбегі мен көп жылғы тәжірибесінің жемісі болған ісіне куә болдық. Әсіресе біз сияқты жас шаруаларға осындай нәтижелі істер қажет деп ойлаймын. Әсіресе, Нұрлан ағамыздай ауыл шаруашылық саласына жаңа технологияларды енгізу арқылы жұмыстану бүгінгі заманның талабы болмақ. Алдыңғы қатардағы шаруашылық басшысымен болған кездесуде Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков: — Елімізде ауыл шаруашылық саласына қомақты қаржылар құйылып, қолдау білдіріліп жатыр. Міне, біз бүгін Нұрланның жемісті еңбегін көріп отырмыз. Біз осы жерге Қазталов ауданындағы белді деген шаруа қожалық жетекшілері мен ауыл шаруашылық саласының мамандарын жинап отырмыз. Тәжірибе алмассын, осындай жұмыстарды көрсін деген мақсатта. Мал шаруашылығына қаржы салмайынша даму да болмайтыны анық. Әрине, әр шаруашылықтың қаржылық потенциалы әртүрлі екені анық. Дегенмен, шаруашылықтар мүмкіндігінше осы шаруашылықтың тәжіриебісін өздеріне алса, оң нәтиже болады. Соының ішінде Қазталов ауданында мал шаруашылығын дамытуға толық мүмкіндік бар. Бұл бағытта жеріміз де, малымыз да жеткілікті. Тек, осы саланы бүгінгі заманға сай дамытуымыз қажет,-деді. Елбасымыз: «Ауыл шаруашылығы – ел экономикасының жаңа драйвері болуы керек» — деп атап көрсеткен болатын. Ауыл шаруашлық саласының дамуына үлес қосып жатырған Нұрландай азаматтар көп болса, еліміздің қарыштап дамитыны анық.

Қайрат ЖАҚЫП


Тегтер:

Пікір қалдыру


Қазталов ауданы, Шарафутдинов көшесі 13
zhaik_presscenter@mail.ru
aulainasi@mail.ru

"Ауыл айнасы"

"Ауыл айнасы" газетінің бас редакторы: 8-71144-31-4-68
Тілшілер: 31-4-68, 21-3-70
Жарнама бөлімі: 21-0-42

 

.