8.11.2018, 10:48
Қараулар: 154
«ӨСУ ВЕТОРЫ» КҮЗГІ ЛАГЕРІ

«ӨСУ ВЕТОРЫ» КҮЗГІ ЛАГЕРІ

1 қараша күні ауданымызда тұңғыш рет мектеп директорларына арналған «Өсу векторы» күзгі лагері өз жалауын көтерді.
Қазталов аудандық білім беру бөлімінің ұйымдастыруымен оздырылып жатырған «Өсу векторы» күзгі лагерінің жұмысы – мектеп басшыларының кәсіби шеберлігін арттыру, менеджменттегі жаңа теxнологиялармен таныстыру, білім саласындағы өзгерістерді енгізудің тиімді жолдарын табу, «Руxани жаңғыру» жалпыұлттық идеясының құндылықтарын тәрбие үрдісінде жүзеге асыру, «Назарбаев зияткерлік мектептері» тәжірибелерін жалпы білім беретін мектептерге енгізу мақсатында мектеп басшыларына арналған.
Жобаның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова ауданымызда алғаш рет өткізіліп жатырған шараның ашылуымен құттықтаса, облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова ауданымыздағы «Өсу векторы» күзгі лагері жобасының жетекшісі Нұрлығали Дүйсековке арнайы кубок табыс етті.
Аудан орталығында өтіп жатырған «Өсу векторы» күзгі лагерінде жоспарға сай сұхбаттасу алаңдары ұйымдастырылды.

Сұхбат алаңында қатысушылар облыс ақыны Сәрсенғали Бисенғалиевпен кездесіп, ақынның тағылымы мен тәлімі мол қызықты әңгімелеріне қанығып, ақынның өзі шығарған авторлық әндеріне де тыңдады. Сонымен қатар Сәрсенғали аға қойылған сұрақтарға тұшымды жауаптар беріп, халық қазынасы бата туралы кеңінен айтып, күзгі лагерде бас қосушыларға ақ батасын берді.
Сұхбат алаңына аудан әкімі Абат Шыныбеков те қатысты. Абат Абайұлы ашық алаңда мектеп директорларымен әңгімесін Елбасының биылғы Жолдауында айтылған «Ұстаз мәртебесін» көтеру туралы міндеттен бастап, алдағы уақытта ұстаз мәртебесі туралы арнайы қабылданатын заңға қатысты әрбір мұғалім өз пікірін білдіру керектігін атап өтті. Сонымен қатар аудан әкімі: — Біздер бүгінгі таңда жобалық менеджмент пен жобалық басқаруға көшуіміз керек. Ауданымыздың өзінде биылғы жылы ауқымды біраз жобалар жүзеге асып жатыр. Сіздер де өздеріңіз басқарып отырған мектептеріңізде тек директор ғана емес, білікті менеджер болуларыңыз қажет. Сондай-ақ мектептеріңіздің болашағы мен дамуына бастау болатын жобалар жасақтаңыздар. Сол жобаны жүзеге асыра отырып, білім сапасы мен оқушылардың біліктілігін арттыруымыз — басты мақсатымыз,- деді. Сұхбат алаңына қатысушылар аудан басшысына өз сұрақтарын қойып, айтылған әңгімеге қатысты пікірлерін білдірді.
Екі күнге созылған күзгі лагерьде Дебат және Stand-Up қатысушыларымен ойынға әзірлік, «READx» жобасы, Психологиялық жайлылық аймағы, Инновациялық жобалар: «Белсенді оқыту әдістері», «Тәрбие жұмысы Назарбаева интелектуалдық мектебінің» көзімен сияқты қызықты тренингтер ұйымдастырылды. Лагерьде Орал қаласынан арнайы келген блогер, танымал журналист, «Жайық Пресс» медиахолдингінің ақпарат орталығының жетекшісі Нұрлыбек Рахманов мектеп директорларымен сұхбат алаңында кездесіп, БАҚ құралдарында, баспасөз беттерінде және әлеуметтік желілерде білім саласындағы жетістіктерді көрсетудің ерекшеліктері туралы түсіндірді.
«Өсу векторы» күзгі лагерінде уақыттарын тиімді және пайдалы кеңестер алған қатысушыларға арнайы сертификаттар мен естелік сыйлықтар табыс етілді.

Қайрат ЖАҚЫП