8.11.2018, 10:43
Қараулар: 41
МАЛ БАҚҚАН СОҢ АСЫЛТҰҚЫМДЫСЫН ӨСІРГЕН ТИІМДІ

МАЛ БАҚҚАН СОҢ АСЫЛТҰҚЫМДЫСЫН ӨСІРГЕН ТИІМДІ

Бір пайда болса, асылтұқымды малдан бар. Ауданымызға қарасты Ақпәтер ауылының «Бейназар-Б» шаруа қожалығы осыны ұққан. Қожалық жетекшісі Бейбіт Өтеғұлов Елбасы саясатын мықтап қолдаушылардың санатында. Етті-сүтті мал өсіріп, етін экспорттау туралы тұжырымға да жақ. Ірі қараның Ангус деп аталатын асылтұқымдысын өріске өргізіп отыр.
2002 жылы құрылған «Бейназар-Б» шаруа қожалығы бүгіндн ауданымыздағы алдыңғы қатардағы шаруашылықтардың бірі. «Мал баққанға бітеді» демекші бүгінде қарамағында 700 бас ірі қара малы, 1500 бас қой төлі мен 400 бастай Қамбар атаның түлегін өргізіп, пайдасын көріп отыр. Елбасының асыл тұқымды мал өсіріп, ет экспортын дамыту бағытындағы тапсырмасына өз үлесін қосу мақсатында Бейбіт Өтеғұлов биыл 100 бас ангустің қашары мен 8 бас бұқасын сатып алған.
Ғалымдардың сараптауынша, салмақ қосу, ет сапасы мен дене пішінінің жұмырлығы бойынша әлемде бірінші орында тұрған абердин-ангус ұсақталып кеткен өзге тұқымды малды асылдандыруға да тиімді. Сол себепті Бейбіт ауылдағы малды тұқымдық түрлендіруге үлесін қоспақшы. Төлінің тез өсетінімен ерекшеленетін ангус қақаған аяз бен аптап ыстыққа шыдамды, әрі ауруға төзімді болып келеді екен. Жалпы, «Ангус» тұқымы – тез өсіп жетілетін, мүйізсіз сиыр. «Абердин-Ангус» етті келеді. Аналықтарының орташа тірідей салмағы 550- 600 килоны құраса, бұқаларының салмағы 800-850 килоны құрайды екен. Ауданымыздың шаруалары қызығушылық таныта бастады. Бұған дейін Серік Темірханов жетекшілік ететін шаруа қожалығы алса, бүгінде солардың қатарын «Бейназар-Б» шаруа қожалығы толықтырып отыр.
-Ақтөбенің «АкТеп» ЖШС-гінен бұл малдарды жеті жылға келісім-шартпен жалға алып отырмыз. Пайдасы бар деп есептейміз. Алдағы уақытта бәрі жақсы болып, төліміз өсіп жатырса, тағы да аламыз ба деген ойымыз бар. Жоспарымыз асыл тұқымды мал басын көбейту,-дейді бізбен әңгімелескен «Бейназар-Б» шаруа қожалығының жетекшісі.

Тұрарбек АҚМЫРЗА