23.10.2018, 18:08
Қараулар: 4
ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

ҰСТАЗДАР ҚҰРМЕТІНЕ ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА ОРНАТЫЛДЫ

Қазталов ауданының халқы үшін ерекше күн. Аудан орталығындағы Алма Оразбаева мектебінің іргетасының қаланғанына — 150 жыл.Бұл аудан тұрғындарының ғана емес, күллі қазақ халқының тойы. Өйткені еліміздің дамуына сүбелі үлес қосып жүрген осы мектепті бітірген барша түлектердің тойы. Мектептен қанаттанған шәкірттердің әрқайсысы қасиетті де киелі шаңырақтан білім алғандарын және осы мектептегі ұстаздарын әрдайым мақтаныш етіп жүргендерінің өзі бір ғанибет! Осы мерекемен тұспа-тұс келіп отырған игілікті шараның бірі — ҰОС ардагері, халық ағарту ісінің озық қызметкері,ұстаз Ізбасар Әліпұлы Рысмағанбетов пен ұстаз Хауа Аюпқызы Дулатованың құрметтеріне олар тұрған үйдің(Сырым Датұлы көшесі ,№10) қабырғасына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылуы. Ұлағатты ұстаздар әулетінің құрметіне арналған шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков, ауданның сала басшылары, ұстаздар қауымы мен шәкірттер қатысты.
— Бүгін аудан үшін үлкен қуаныш. Мерекелі күн. Баршаңызды осы мерекемен құттықтаймын. Осынау қуанышқа қош келдіңіздер. Білім саласында ұзақ жыл қызмет еткен Рысмағанбетовтар әулеті өнегелі отбасы екені баршамызға мәлім. Ұл-қыздарына саналы тәрбиемен бірге терең білім берген,ағайын-туыстарына, барлық ауылдастарына ерекше қамқор бола білген абзал жандар болғанын ел ауызынан естудеміз. Асыл жандардың кіндігінен тараған ұрпақтары бұл күнде еліміздің көркейіп, гүлденуіне айрықша үлес қосып жүр деп мақтанышпен айтамыз, -деді аудан әкімі өз құттықтау сөзінде. Ардагер ұстаз Уахит Ишанов пен ұстаздың шәкірті Мирболат Жақыпов ескерткіш тақтаны ашса, Ізбасар атамыз бен Хауа анамызбен білім саласында ұзақ жыл бірге қызметтес болған әріптесі Бибісара Хайрбаева ұстаздар туралы сыр шертті. Ал Хауа анамыздың шәкірті, жерлесіміз, өңіріміздің мақтанышы, ҚР Президенті әкімшілігі жалпы бөлімінің меңгерушісі Мирболат Жақыпов: — Орыс тілі пәнінің ұстазы қызметін атқарған Хауа Аюпқызы және осы А.Оразбаева мектебінің ұстаздары орыс тілі пәнін мәскеулік үздік мектептердегі тәрізді тереңдетіп оқытқан еді.Менің әрбір жетістігім-ұстазым Хауа Аюпқызының арқасы деп білемін және сол үшін әрдайым ұстазым алдында бас иемін, — деп өзінің жүрек жарды лебізін айтты.
Осы игі істің бастамашысы, А.Оразбаева орта мектебінің директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Інжумаржан Ғазизова: — Біз бүгін қасиетті де киелі білім ордасы Алма мектебінің 150 жылдық тойымен тұспа-тұс келіп отырған еліне ерекше еңбегі сіңген екі бірдей ұстаздың құрметіне ашылғалы отырған олар тұрған үйдің маңдайшасына ескерткіш тақта орнату шарасына жиналып отырмыз. Ол кісілердің өмірі сонау сұрапыл соғыс жылдарында , соғыстан кейінгі қайта қалпына келтіру кезеңіне тап болғанымен, өз кәсібінің шыңына шыққан ұлт пен ұрпаққа адал қызмет еткен жандар ретінде есімдері мәңгі жадымыздан еш кетпейді. Бар өмірін білім саласына, туған жердің рухани түлеуіне арнаған еңбек ардагерлерінің есімін ұлықтайтын осындай елдік істер көп болса екен дейміз. Ал Ізбасар атамыз бен Хауа анамыздың ісін жалғастыратын ауданымыздағы барлық ізбасарлары шәкірт тәрбиелеуде талмай еңбек ете беретініне сенемін.Бүгінгі шараға атсалысқан азматтарға айтар алғысым шексіз!, — деп ескерткіш тақтаның ашылуына қатысқан барша жандарға және осы шараның өтуіне мұрындық болған, көмек еткен азаматтарға мектеп ұжымы атынан ризашылығын білдірді.

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар