5.10.2018, 16:41
Қараулар: 3
ЖАС АҚЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСКЕН АҚЫН ДАРИҒА

ЖАС АҚЫНДАРМЕН ЖҮЗДЕСКЕН АҚЫН ДАРИҒА

4 қазан күні ақын жерлесіміз Дариға Мұштанова туған жерге ат басын тіреді. Осы орайда К.Меңдəлиев мектебінде жерлес ақынымыз Дариға Мұштановаға арналған «Ақжайықтың Дариғасы» атты əдеби-сазды кеш өтті. Əдеби кешке жиналған өлең өлкесінің өрендері ақынның өнердегі жолын сахналап, көрерменге ұсынды. «Дара жолдың» ізімен жалғасқан кеш ақын жолындағы əңгімелер өрбіді. Өмірінің қиын да қызықты естеліктерімен бөліскен Дариға ақын бір сəтте оқырмандарының жүрегіңе рухани азық сыйлады. Сондай-ақ жан-жақтан жиналған жас талантты ақындарымыз да өз туындыларын оқып, ақын жүрегінен жол тапты.
Əдеби кеште аудан əкімінің орынбасары Зəйлім Мəжитова, К.Меңдəлиев мектебінің директоры Салтанат Өтеғұлова сөз алып, мерекемен құттықтап, ақын апамызға алғысхат табыстады.

Әдеби-сазды кештен соң, ақын Дариға Мұштанова мен аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова К.Меңдәлиев мектебінде жасақталынған «Мұра» жас ақындар сыныбының алғашқы лентасын қиды. Жас ақындар сыныбының тұсауын кескен ақын Дариға өлең баспалдағына енді қадам басқан оқушыларға ақ жол тіледі. «Қаламдарың қарымды, жырларың жалынды болсын» — деп бата берді.
«Мұра» жас ақындар сыныбына К.Меңдәлиев мектебінің жас ұстазы Ардақ Жангелді жетекшілік етеді. «Бұлақ көрсең көзін аш» дегендей дарынды, талантты оқушыларды дер кезінде байқап талантын танытып, көпшілікке таныстыру ұстаздардың міндеті деп білеміз.

Жалпақтал мәдениет үйінде ақын Дариға Мұштанованың «Аңыз болған абысындар» кітабының таныстырылымы өтті. Кеште сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков: — Бүгін Жалпақтал ауылына жыр жауған күн деп айтуға болады. Енді міне мәдениет үйінде өзіңіздің өміршең туындыларыңызды сүйіп оқитын оқырмандарыңыз жиналып тұр. Сіз «Аңыз болған абысындар» прозасы арқылы оқырмандарыңыздың жүрегінен жол таптыңыз. Бұл шығарма шынайы өмірмен байланыстырып жазылған. Бұл түйсінерлік туынды. Сіздің жүрегіңізден шыққан туынды жүректерге жетті. Ендеше, сізге аудан халқының атынан ризашылығымызды жеткіземіз, — деген тілегін білдіріп, ақын апамызға ұлттық нақыштағы комзол кигізді.
Кеште К.Меңдәлиев мектебінің ұстазы Гүлмира Темірғалиева «Аңыз болған абысындар» кітабынан шолу жасаса, мәдениет үйінің актрисасы Шалқыма Мерқұлова осы шығармадағы Сақып пен Қизаның 5 бірдей баласын ажал жалмаған жағдайын әсерлі сахналап, барлық көрерменді жылатты. Сондай-ақ кеште аудан мектептерінен келген мектеп оқушылары ақын өлеңдерін оқыса, ақынның сөзіне жазылған «Жалпақталым», «Ұстаз бен шәкірт» әндері де шырқалды. Кешке Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұргүл Жұбатова, дәстүрлі әнші Күләш Қуанышқалиева, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Еркін Өтегенов сынды өнер жұлдыздары өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көңілін бір серпілтіп тастады.
Туған еліне құнды дүниемен келген ақын апамыз елге деген сағынышын жасырып қалмады.
— Сіздер маған сәуле тәріздісіздер. Айналама шуақ беріп, шабыт сыйлайсыздар. «Аңыз болған абысындар» прозасының өмірге келуіне осы абысындардың келіні Рысты Қайсағалиева замандасым арқау болды. Рысты арнайы хабарласып, үш анасының өмірдерегін баяндап берді. Сөйтіп арнайы жол түсіріп Қараоба ауылына бардым. Сол аналарымыздың бейітіне барып, құран бағыштадық. Осы кісілердің көзін көрген үлкендерден де деректер алып, жазуды бастадым. Туынды осылай өмірге келді. Әрине, оңай болмады. Өзім де бұл туындыны жазғанда көзіме жас алып тұрып жаздым. Оқырмандарыма да солай жеткенін осы кештен байқап отырмын. Сіздерге мың алғысымды білдерімін, — деп ақын апамыз қуаныштан көзіне еріксіз жас алып, туған ауылының жайсаң жандары мен оқырмандарына ризашылығын білдірді.

Жұлдыз АСҚАР

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.