5.10.2018, 16:36
Қараулар: 6
ХАЛЫҚ САЗЫНА АЙНАЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

ХАЛЫҚ САЗЫНА АЙНАЛҒАН ӘН НЕМЕСЕ ӘКЕГЕ ДЕГЕН САҒЫНЫШ

Жүректі тербеп күй сынды,
Биікке ұшсам сүйсіндің.
Мойныңа көптен асылмай,
Сағындым, әке, иісіңді,- деп жырланған, халық сазына айналған «Әкем — әнім» әнінің шыққанына міне 40 жыл толып отыр. Алыста жүріп ауылдағы әкесін сағынған бозбала Әділбек жүрегінен шыққан сағынышын әні арқылы қалықтатқан еді. Бұл 1978 жылы Әділбектің Қызылорда қаласындағы Гоголь атындағы педагогикалық институтының музыка факультетінде оқып жүрген кезі еді. Әкесі Нәсекеннің 60 жас мерейтойына бара алмаған Әділбек досы Орынбасар Сүттібаев екеуі осы әнді жазуға бел буады. Фортопиано алдында отырып, талай таңды көзбен атырған қос жігіт «Әкем — әнім» әнін жазып шыққан еді. Бірақ, олар бұл әннің қазақ даласын қалықтап, халықтың жауҺар жырына айналатынын сезбесе керек…
«Әкем — әнім» әнінің шырқалғанын 40 жыл толуы мен әннің кейіпкері, Ұлы отан соғысы мен еңбек ардагері, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі Нәсекен Сүлейменовтің 100 жылдығына арналған еске алу шарасы 3 қазан күні Қазталов ауданы орталығында өтті.
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Республикасының Мәдениет және өнер қоғамдық қорының «Ерекше тұлға» төсбелгісінің иегері, әнші-сазгер, жерлесіміз Әділбек Сүлейменовтің шығармашылыған арналған бұл концерттік бағдарламаның шымылдығы аудандық саз мектебінің хор сыныбы оқушыларының және барабаншылардың орындауындағы Мира Сүйіншәлиеваның сөзіне жазылған ағамыздың «Қазақстан жас ұланы» әні арқылы ашылды.
Әуезді әннің құдіретін тек жүрекпен ғана сезіну керек шығар. Ән көңілді ғана ажарландырып қана қоймай, адам абыройын биіктетіп жіберетінін Әділбек Сүлейменовтің шығармашылыған ұғуға болады. Қариялар күні және қайырымдылық айына орайластырылған концертте сазгер ағаның аудандық мәдениет үйі әншілерінің орындауында «Ағаларды еске алу», «Қариялар», «Ауылдастар» әндері шырқалды. Сонымен қатар Қазақстан полициясының гимніне айналған «Полиция мектебі» әнін Әділбек аға жеке дауыста әуелетсе, аудандық ішкі істер бөлімінің ұжымынан құралған хор қосыла асқақтатты.
Концертке жиналған көпшілік те Әділбек Сүлейменовтің қанат қаққан қиялмен ұштасқан сазгерлік талантына тәнті болды. Кәусәр сезім мен тояттамас көңілге, қуаныш пен мұңға толы «Кешігіп келген махаббат», «Арман жылдар», «Қоштасудың қиыны-ай» сияқты махаббат әндері сахна төрінен төгіліп шырқалып, тыңдарманды сезімге жетеледі.
Кеш қонағы, Республикалық байқаулардың лауреаты, «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалінің иегері, әнші Айбар Хайырханов Әділбек ағамыздың «Хадиша апа», «Қазақстан құрылысшылары» әндерін шебер орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.
Концерт соңында әкелерге арналған әнұран болған, ғұмырлы әндердің бірегейі, Әділбек Сүлейменовтің төлқұжатына айналған Орынбасар Сүттібаевтың сөзіне жазылған «Әкем — әнім» әні орындалғанда, сүйсінген көрермен ыстық ықыластарын ұзақ соғылған шапалақтары арқылы білдірді.
Концерт бітісімен сахна төріне көтерілген аудан әкімі Абат Шыныбеков тамаша шығармашылық кеш сыйлаған Әділбек ағамызға ел атынан алғысын білдіріп, өнер иесінің иығына шапан жауып, алғыс хат табыстады.
Міне, құт дарыған қос өзеннің ортасында ән қалықтап, төрткүл дүниені ән арқылы бағындырған өнер иесінің шығармашылық концерті жоғары деңгейде өткенін мақтанышпен айта аламыз. Концерттен ұмытылмас әсер алып, көтеріңкі көңіл күйде тарап жатқан ауылдастардың бірі – Гүлнұр Иманғалиеваны әңгімеге тартқанымызда,- Әділбек ағамыздың шығармашылық кеші керемет өтті. Ағамыздың шығармашылығының шыңы, барша қазақ жұрты шырқайтын «Әкем — әнім» әнінің ерекшелігін атап айтқым келеді. Сондай-ақ кеш барысында Әділбек ағанның басқа да біз естімеген әндерін тыңдап, үлкен әсер алдым. Осындай тума таланттары бар киелі Қазталов топырағы жасай берсін! — деген көңілін жайып салды.

Қайрат ЖАҚЫП

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.