28.09.2018, 16:30
Қараулар: 32
БАУЫРЖАН МЕН ЕРЖАН ЖЕҢІМПАЗ. «ҚАРЛЫҒАШ» ТАҒЫ ДА САМҒАДЫ

БАУЫРЖАН МЕН ЕРЖАН ЖЕҢІМПАЗ. «ҚАРЛЫҒАШ» ТАҒЫ ДА САМҒАДЫ

Облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалі өз мәресіне жетті. Үстіміздегі жылдың 26 қыркүйек күні Жастар мәдениет үйінде Батыс Қазақстан облысының мәдениет басқармасының қолдауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен облыстық «Дала дарындары» жастар шығармашылығы фестивалі оздырылды. Фестиваль облысымыздағы жас өнерпаздардың талантын ұштап, шығармашылығын дамыту, оларды өнер жолында қанаттандыруға қолдау көрсету, талантты жастардың мүмкіндіктерін танытуына зор ықпал етеді. Осындай мақсатта байқау «Әдеби шығарма», «Бейнелеу өнері», «Халық музыкасы – домбыра — күй» және «Халық музыкасы – домбырамен ән салу», «Хореография», «Эстрадалық вокал» аталымдары бойынша жүргізілді. Бойындағы табиғи талантымен қоса, өнерге құштарлығы бар жас өнерпаздарға арналған фестивальге облыс аудандары мен қаламыздан 70-ке тарта үміткер қатысты.
«Халық музыкасы – домбырамен ән салу» аталымы бойынша Бауыржан Қыдырғалиев I-ші орын, «Халық музыкасы – домбыра — күй» аталымы бойынша Ержан Құмарғалиев II-ші орынды иеленді. Сонымен қатар Қазталовтық Халықтық «Қарлығаш» би ансамблінің үлкен тобы байқауда жүлделі III- ші орынды иеленіп, аудан мәртебесін тағы бір жоғары көтеріп тастады.
Өнер көгінде жүзген жас таланттарға биіктен көріне беріңіздер!- деген тілегімізді жеткіземіз.

«Ауыл айнасы» ақпарат