14.09.2018, 16:30
Қараулар: 85
1441 ШАҢЫРАҚ «АҚБҰЛАҚТЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРМЕК

1441 ШАҢЫРАҚ «АҚБҰЛАҚТЫҢ» ИГІЛІГІН КӨРМЕК

Аудан әкімі Абат Шыныбеков Жалпақтал ауылында болып, ауыл ардагерлерімен және көше тұрғындарымен жүздесті. Кездесу барысында аудан басшысы ауданда атқарылып жатқан шаруаларға тоқталды.
— Аудан бойынша елді мекендердің әлеуетін арттыруға, тұрғындардың өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жалпы құны 10,9 млрд. теңгені құрайтын 10 жоба іске асуда. Өздеріңіз білетіндей аудан орталығында 87,615 млн. теңге қаражатқа саз мектебінің құрылысы жүріп жатса, Жалпақтал ауылында «Эврика» ЖШС-ы 112,666 млн. теңгеге 12 пәтерлік 2 қабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізуде. Оның сыртында инженерлік-коммуникациялық жұмыстарына 18 млн. теңге қаражат бөлінді. Сонымен қатар 13 елді мекенге көгілдір отын тарту жұмыстары басталып кетті. Осы бағытта 16 елді мекенді газбен қамтуға, атап айтсақ Әбіш, Еламан, Саралжын, Көпкүтір, Аққурай, Хайруш, Саралжын, Қызылту, Қаракөл, Сексенбаев, Мереке, Сатыбалды, Бостандық, Ащысай, Жас, Таңат ауылдарына жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталып жатыр. Аталған жұмыстар іске қосылған жағдайда тұрғындардың 79 пайызы таза судың, 77 пайызы көгілдір отынның игілігін көрмек. Алдағы жылы Жалпақтал, Қазталов ауылдарына әмбебап спорт алаңын салуды жоспарлап отырмыз Сонымен қатар жергілікті бюджеттен 2430,3 мың теңге бөлініп, Талдықұдық ауылына «Таза су» қондырғысын орнату жұмыстары жүргізілмек,- деген Абат Абайұлы ақсақалдар мен көше төрағаларының ұсыныс пікірлерін тыңдады. Ал ауыл әкімі Самиғолла Ақмурзин 8 ай ішінде ауылда атқарылған жұмыстарға тоқталса, Жалпақтал коммуналдық шаруашылық мекемесінің басшысының міндетін атқарушы Тілек Ибрашев та хабарлама жасады. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша Жалпақтал, Қараөзен ауылдарына 360 млн. теңге қаражат қаралып, Жалпақтал ауылының 1208, Қараөзен ауылының 233 тұрғыны «Ақбұлақтың» игілігін көреді деп күтілуде. Тілек Ибрашевтың айтуы бойынша су айдау станциясындағы құрал-жабдықтар түгелдей ауысытырылып, күні бүгін қос ауылға 400 тонна көлемінде су беріліп отыр. Осы кездесу барысында ауыл ардагерлері Нағым Ризуанов, Шынболат Өтешқалиев, Мерғараф Әкімалиев, Кенжебай Үмбетов, Ахметқали Қарағойшин, аудандық мәслихат депутаты Дулат Ихсанов аудан басшысына мал азығы, тұрақтандыру қорының жұмысы жайында және Жалпақтал коммуналдық шаруашылық мекемесінің қазіргі жағдайы жайында сөз қозғап, аудан әкімінен көмек көрсетуін сұрады.
Аудан әкімі Абат Шыныбеков айтылған мәселелердің өте дұрыс екенін, олардың өз кезегінде шешілетіндігін айтып, кездесу жиынын қорытындылады.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИҰЛЫ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.