14.09.2018, 16:15
Қараулар: 73
АҒАЙЫНДЫ СЫРАЛИЕВТЕРДІҢ ТАРТУЫ

АҒАЙЫНДЫ СЫРАЛИЕВТЕРДІҢ ТАРТУЫ

12 қыркүйек күні Қазталов ауданы Әжібай ауылында қуанышты жағдай орын алды. Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында осы елдің төл перзенттері, ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Мейрам, Абзал Сыралиевтер туған ауылына фельдшерлік-акушерлік пунктті сыйға тартты.
Әжібай аулында өсіп-өнген, бүгінгі күнде облыс орталығында құрылыс жұмыстарымен айналысатын ағайынды жігіттер өз қаражаттарынан 15 млн. теңге жұмсап, нысанның құрылыс жұмыстарын екі айдың ішінде бітірді.

Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков Әжібай ауылының тұрғындарын фельдшерлік пункттің ашылуымен құттықтап, жомарт жанды азаматтарға ел атынан алғысын білдірді.
Салтанатты шарада Асқар Сыралиев фельдшерлік-акушерлік пункттің кілтін аудандық орталық аурухананың директоры Қайырбай Алтаевқа табыс етті. Айтулы шараға арнайы келген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнара Абдрахманова жомарт жігіттерге алғысхат пен естелік сыйлықты тарту етті. Ал осындай игі іске ризашылықтарын білдірген әжібайлықтар ағайынды жігіттерге шапан жауып, сәйгүлік мінгізді.
Салтанатты шарада жаңадан салынған нысанның лентасы кесіліп, жиналған көпшілік фельдшерлік-акушерлік пункттің ішін аралап көрді. Бүгінгі заманға сай салынған бұл нысанға қажетті коммуникациялар жүйесі тартылып, фельдшерлік кабинет, екпе бөлмесі, акушерлік кабинет, күндізгі емхана бөлмесі де бар. Кабинеттердің бәрі де толықтай жаңа қондырғылармен жабдықталып, білікті мамандар ауыл тұрғындарының барлығына да қажетті медициналық көмек көрсетуге әзір.

Асқар Сыралиев – кәсіпкер: — Біз осы жерде оқып, білім алдық. Еңбекке араластық. Өзіміздің туған аулымызға көмек жасап, осындай бір игі істі бастауды көптен бері жоспарлап жүрдік. Сол жоспарымызды орындауда қолдау көрсеткен және кеңестерін берген аудан, округ әкімі және ауыл азаматарына ризашылығымыз зор. Елге көмек көрсету әрбір азаматтың борышы деп білемін.

Меңсұлу Батырханова – зейнеткер, ауыл тұрғыны: — Мен бұл азаматтардың ата-анасымен жақсы араластым. Елге сыйлы отбасы еді. Енді, міне, олардан тараған ұрпақтары туған ауылдарына үлкен тарту жасап жатырғанына куә болып отырмыз. Ел атынан аналық алғысымды білдіріп, ақ батамды бердім.

Гүлзира Төлегенова – Әжібай ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері: — Ауылымызда ораналасқан бұрынғы ФАП-тың тозығы жетіп, ескіріп тұрған еді. Бұл мәселенің шешімін тауып, өз қаражаттарына осындай тамаша ғимарат салып берген ағайынды жігіттерге ризамыз. Жаңа ғимарат ауыл халқының денсаулығының жақсаруына үлкен үлес қосады даган сенімдеміз.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.