4.09.2018, 15:57
Қараулар: 33
ЖАҒАЖАЙДА ДЕМАЛЫС АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

ЖАҒАЖАЙДА ДЕМАЛЫС АЛАҢЫ АШЫЛДЫ

Қазталов-Жәнібек-Бөкей Орда бағытындағы күре жолдың бойында орналасқан, аудан орталығы Қазталовтан 3 шақырым қашықтықтағы Сарыөзен өзенінің жағалауы халық арасында «үшінші көпір» атауына ие. Тұрғындардың жаз айларында суға түсіп, демалатын сүйікті орыны десе де болады.
Демалушыларға қолайлы жағдай туғызуды ойлаған кәсіпкер Сұпығалиевтер әулеті жағажайдың қасынан демалыс алаңын салуды қолға алған болатын. Міне, сол жоба сәтті іске асып, 30 тамыз күні Ата заңымыздың мерекесіне орай жағажайдан демалыс алаңы ашылыды.
Демалыс алаңының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Абат Шыныбеков жиналған көпшілікті айтулы мерекемен құттықтап, әкесі Ахмет ағамыздың ісін жалғастырып, жаңа кәсіп бастап жатырған Әсетханға ризашылығын білдірді.
Сарыөзеннің жағасында орналасқан бұл демалыс алаңы қазіргі заманға сай жабдықталған. Жағажайға тынығуға келгендерге арнап салқындатылған сусындар мен қуырдақ, кәуап секілді тағам түрлері ұсынылмақ. Сонымен қатар аяқ суытуға арналған сәкілер де жасалған.
Жас кәсіпкер Әсетханды әңгімеге тартқанымызда: — Бұл жағажайды жабдықтау көптен бері ойластырып жүрген істердің бірі еді. Осы ұсынысымды қолдаған ел ағаларына алғысым шексіз. Алдағы уақытта жағажайға құм төселіп, айналасына арнайы қатқыл жол салу да ойымызда бар. Сонымен қатар кәсіпкерледі осы жерге тартпақпыз,- деді.
Әсетханның ата-анасы Ахмет ағамыз бен Рая апамыз халыққа қызмет көрсетуде ел алғысына бөленіп жүрген жандар десек артық болмас. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» — демекші, ата-анасы бастаған кәсіпті жалғап жатырған Әсетханның бастамасына сәттілік тілейік!

Қайрат ЖАҚЫП