4.09.2018, 15:49
Қараулар: 109
ИГІ ІС ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

ИГІ ІС ЖҮЗЕГЕ АСТЫ

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауданымыздың туған перзенттері игі істер жасаудан облысымыз бойынша көш бастап тұр. 30 тамыз күні Бостандық ауылының тұрғындары тағы да бір игі істің куәсі болды. Ата заңымыз – Конституция күні Бостандық аулының тумасы, мемлекет және қоғам қайраткері Қабира Салықоваға бюст қойылып, ауылдың тарихы мен табиғатынан сыр шертер өлкетану музейі ашылды.

Қос оқиғаның орын алуына Құқық қорғау саласының ардагері, Қабира Салықованың ұлы Ғиният Салықов мұрындық болып, музейдің ашылуына 1,5 млн теңге қаражатын беріп, бюст жасатып, музейге жәдігерлер тарту етті. Сонымен қатар музейдің жөндеу жұмыстарына ауылдың азаматтары да атсалысқан болатын.

Қабира Салыққызына арналған бюсттің ашылу салтанатына аудан әкімі Абат Шыныбеков, апамыздың ұлы Ғиният Салықов және ауыл тұрғындары қатысты.

Шарада сөз алған аудан басшысы бостандықтық ағайынды Конституция күнімен құттықтап, игі іс бастаған Ғиният ағамызға елдің атынан алғыс білдірді.

Қоғам қайраткерінің бюстіне гүл шоқтарын қойғаннан кейін, жиналған көпшілік музейдің ашылу салтанатына қатысты. Айта кету керек, бұл музейде бір зал түгелімен Қабира Салыққызына арналған. Сол кісінің отырған үстелінен бастап, қолданған заттары осы залда қойылған. Сондай-ақ залда апамыздың өмірі ғана емес қазақ зиялыларының өмірінен мол мағлұмат беретін фото суреттер көрмесі бар. Музейде Қабира Салыққызының жеке кітапханасынан алынған кітаптарды да көруге болады.

Шаруаның бас-қасында жүрген округ әкімі Манарбек Сүндетов,- Жаңадан ашылған музейге ауыл тарихы баяндайтын экспонаттар жинақталу үстінде, қосымша екі зал тағыда ашамыз,- деген болашақ жоспарымен бөлісті.

Міне, Қазталов ауданында тағы да бір игі іс жүзеге асты. Көпшілікке үлгі болар осындай істеріміз көп болғай.

Қайрат ЖАҚЫП

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.