4.09.2018, 15:32
Қараулар: 5
МЕРЕКЕДЕГІ ҚОС ҚУАНЫШ

МЕРЕКЕДЕГІ ҚОС ҚУАНЫШ

Елбасымыз өзінің жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық сипаттағы мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынды. Мемлекет басшысы отансүйгіштік сезімнің кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталатынын қадап айтқан болатын.
Ұлт көшбасшысының саясатына қолдау көрсеткен Жұлдыз ауылының тұрғындары Ата Заңымыздың мерекесінде қос қуаныштың куәсі болды. Ауыл мектебін 2008 жылы бітірген түлектер ауылға кіреберіс жолға атау белгі орнатса, туған жерін түлетуге үлес қосқан ауыл тұрғындары ойын алаңында субұрқақ орнатып, туған жерлеріне тамаша тарту жасады. Қаймағы бұзылмаған Сарыөзеннің жағасында орналасқан Жұлдыз ауылы қос нысанмен толықты. Мектеп бітіргендеріне 10 жыл болған, 1990 жылы туған түлектер аудан орталығымен қатынайтын күре жолдың бойынан ауылға кіреберіс тұста ұлттық ою-өрнекпен безендірілген «Жұлдыз. Қош келдіңіздер» деген белгіні 600 мың теңгеге орнатса, ауыл тұрғындары балалар ойын алаңын былтырғы жылы өздері жасақтап, биыл сол ойын алаңына 400 мың теңге көлемсінде қаржы шығарып субұрқақ орнатып, айналасына орындықтар жасады. 30 тамыз күні қос нысанның ашу рәсімі оздырылды.
Бұл қуанышты күнді бөлісуге аудандық «Нұр Отан» партиясы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерболат Бекмулдин келіп, жұлдыздықтарды Конституция күнімен құттықтап, игі тілегін арнады.
-Ата Заңымыздың мерекесінде қос қуаныштың куәсі болып тұрмыз. Мереке күніндегі қуаныштарыңыз құтты болсын. Елбасымыздың «Туған жер» бағдарламасына өз үлестерін қосамын дейтін әр ауыл-аймақтағы түлектердің қарасы көбейіп, бұл игі дәстүр әрмен қарай өз жалғасын таба бергей. Биылғы жылы 37 жоба қолға алынып, 82 млн теңге көлемінде қаржы жинақталған болатын. Тағы да мерекелеріңіз құтты болып, ауылымыз ажарлана берсін,-деп игі тілегін арнады Ерболат Мұратқалиұлы. Мұнан кейін Қарасу ауылдық округінің әкімі Эдуард Ешмұқанов, А.Хұсайынов атындағы орта мектептің директоры Асхат Нұржанов ауыл тұрғындарын Ата Заңымыздың 23 жылдығымен құттықтап, 1990 жылы дүние есігін ашқан түлектерді және субұрқақ орнатуда үлестерін қосқан бір топ азаматтарын алғыс хатпен марапаттады.

Тұрарбек АҚМЫРЗА