4.09.2018, 10:52
Қараулар: 160
«АЗАТ ЕЛДІҢ АР-НАМЫСЫ – АТА ЗАҢ»

«АЗАТ ЕЛДІҢ АР-НАМЫСЫ – АТА ЗАҢ»

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев өзінің «Қазақстан жолы» атты кітабында: «Тәуелсіз Қазақстанның Конституциясы ашық және демократиялық қоғам орнатудың негізгі принциптерін баянды етуге тиіс болатын» — деп жазды. Қазақстанның Ата заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі. Бүкіл мемлекеттік құрылымды айғақтайтын, елдіктің бастауы болып саналатын құжат 30 тамыз күні 23 жасқа толмақ.
Осы орайда 29 тамыз күні аудандық мәдениет үйінде Конституция күніне арналған «Азат елдің ар-намысы – Ата заң» атты салтанатты шара өтті.
Салтанатты шараның шымылдығы Ата заң туралы бейнеролик көрсету арқылы ашылып, Қазақстан Республикасының Гимні орындалды.
Шарада сөз алған Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков,- Биыл 23 жыл толып отырған Конституция тәуелсіз мемлекет ретінде дамуымызға даңғыл жол болып, елдің бетке алған бағдарының тұтас бөлігін қамтып отыр. Оның айғағындай Қазталов ауданында да ілгерілеу мен дамудың көрінісіне баршамыз куә болып отырмыз. Ауданымыз бойынша атқарылып жатырған ауқымды істердің барлығы осы Ата заңның шеңберінде орындалып жатыр. Баршаңызды осы тамаша мерекемен тағы да құттықтап, денсаулық пен бақыт, отбасыларыңызға түсіністік, береке-бірлік және қуанышты күндер тілеймін!- деген тілегін жеткізіп, мерекелік марапатқа ұсынылған бір топ қызметкерлерге алғысхаттар табыс етті. Сонымен қатар аудан әкімі мереке қарсаңында Қазақстан Республикасы азаматының жеке күәлігін салтанатты түрде кәмелет жасқа толған жастарға табыстады.
Шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, билер кеңесінің мүшесі Уәлиолла Әбішев құттықтау тілегін жеткізсе, Конституция күні дүниеге келген Алма Оразбаева атындағы орта мектебінің 8 а сыныбының оқушысы Аружан Хайрукова мерекелік құттықтауын оқыды.
Салтанатты шараның соңы аудан көркемөнерпаздарының мерекелік концертіне ұласты.

Қайрат ЖАҚЫП