4.09.2018, 10:25
Қараулар: 5
«МОДЕЛЬДІ АУЫЛ КІТАПХАНАСЫНЫҢ» ҚАТАРЫ ТОЛЫҒУДА

«МОДЕЛЬДІ АУЫЛ КІТАПХАНАСЫНЫҢ» ҚАТАРЫ ТОЛЫҒУДА

«Кітапханаларды модельді жаңғырту» бағдарламасына сәйкес Ата Заң күні қарсаңында 28 тамыз күні Қараоба ауылдық кітапханасы заман талабына сай жабдықталып, «Модельді кітапханаға» айналып отыр.
Аталмыш шара барысында аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев Ата Заң күні қарсаңында жаңа модельдік кітапханаға көшіп отырған Қараоба ауылдық кітапханасының ұжымына шығармашылық табыс тілесе, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана директорының орынбасары Нұрлыгүл Сағынова ауыл кітапханашысы Лаура Әдиетоваға «Модельді ауыл кітапханасы» куәлігін табыстады. Бұл шараға Бөкей ордасы, Ақжайық, Жәнібек ауданынан келген қонақтар кітапхананың ішін аралап, ауыл өнерпаздарының концертіне куә болды.
Кейін аталмыш шара «Ауыл кітапханаларының фестивалі» аудандық жобасы аясындағы рухани шараға ұласты. Фестивальдың ашылуында сөз алған аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Самал Жангереева: -Бүгінде рухани, ақпараттық білім беру орталығы саналатын ауыл кітапханалары заман талабына сай жаңаша жабдықталып, «модельді кітапханаға» айналып отыр. Соның бір айғағындай Қараоба ауылындағы қуанышқа куә болдыңыздар. «Модельді кітапхана» – оқырмандарға кітапханалық қызмет көрсетуді жоғары сатыға көтеретін жаңа кітапхананың стандарты. Оның басты тиімділігі – компьютерлік технологияларды енгізудің арқасында электронды ақпараттар қорын қалыптастыру, кітапханалық қорларды дамыту, ауыл тұрғындарын компьютерлік сауаттылыққа дағдыландыру және қажетті ақпараттарын қашықтан пайдалана алуын қамтамасыз ету. Бүгін Қараобада ашылған «модельді кітапхананың» болашағы жарқын, рухы өркенді болсын, -деп барлық шараға қатысушы қонақтар мен оқырмандарды құттықтап, лебізін білдірді. Рухани шарада әннен шашу шашылып, мың бұрала би биленіп, зияткерлік ойын ойнатылып, көрініс те көрсетілді. Сонымен қатар «Алаш арыстары», «Жүректен жүрекке», «Book friend of time», «E-book», «Тарихқа тұнған туған өлкем» атты кітапханалық жобалар таныстырылып, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Гүлдана Дәулетова фестиваль статуэткасын Ақжайық аудандық кітапхана директоры Роза Мұсағалиева табыстады.
Осындай игі істер, жақсы бастамалар көп болсын!

Гүлнұр ҚАЗБЕК