28.08.2018, 12:02
Қараулар: 135
ТАМЫЗ МӘСЛИХАТЫ ТЫҢ ЖОСПАРЛАРДЫ ЖҮКТЕДІ

ТАМЫЗ МӘСЛИХАТЫ ТЫҢ ЖОСПАРЛАРДЫ ЖҮКТЕДІ

27 тамыз күні Қазталов ауданында жыл сайын дәстүрге айналған мұғалімдердің тамыз конференциясы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы адами капитал» тақырыбында өтті.
Бұл конференцияға Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов пен облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова арнайы келген болатын.
Конференция басталмас бұрын облыс әкімінің орынбасары аудандық балалар-жасөспірімдер туризм орталығында орналасқан «Рухани жаңғыру» кеңсесіне соғып, ауданымызда бұл бағыттағы атқарылып жатырған жұмыстармен танысты.
Бұдан соң Ғабидолла Абдоллаұлы тамыз конференциясы өтіп жатырған аудандық мәдениет үйінде орналасқан көрмені тамашалап, білім саласындағы жетістіктерді өз көзімен көрді. Әсіресе, 150 жылдық тарихы бар Алма Оразбаев атындағы орта мектебі, үздік мектептер қатарынан қалмай жүрген Кенжебек Меңдәлиев атындағы орта мектебі, Ғұмар Қараш атындағы мектеп-гиназиясы, Бірік орта мектебінің бүгінгі тынысы туралы мектеп директорлары әңгімелеп берді. Көрмеде балалар туризм орталығы және Жалпақтал өнер мектебінің ұстаздары мен оқушыларының қолынан шыққан зергерлік туындыларды көрген облыс әкімінің орынбасары ризашылығын білдірді. Ал бау-бақша дақылдарын егіп, жемісін көріп отырған Бостандық орта мектебі мен Қайыңды балалар жазғы лагерінің өнімдерімен танысқан Ғабидолла Абдоллаұлы бұндай нәтижелі жұмыстарды болашақта да жалғастырып, көлемін ұлғайтуды тапсырды. Ғабидолла Абдоллаұлының көрмеде басыты назарға алғаны роботтық техника болды.
Конференцияның ашылу салтанатында аудандық білім бөлімінің басшысы Нұрлығали Дүйсеков барша жиналған ұстаздар қауымын басталғалы отырған жаңа оқу жылымен құттықтап, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Конференцияда сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов,- Осындай тамыз конференциялары Астана мен облыс орталығы Орал қаласында да өтті. Енді, міне бүгін Қазталов аудан орталығында өтіп жатыр. Қазіргі күнде тамыз конференциясының өту форматы да өзгерді. Бұл жаңашылдық — конференцияның тақырыбында айтылып тұрғандай адами капиталды арттыру, яғни Қазақстаннның экономикасы шикізатқа ғана тәуелді болмай, білім мен ғылымның нәтижесіне сүйенуіміз керек. Сол үшін терең ойлайтын, білімді ұрпақты тәрбиелеуіміз қажет. Сондықтан цифрландыруды бағытындағы жұмыстарды күшейту, роботтық техиканы жетілдіру, үш тілділікті оқыту, Елбасымыздың «Рухани Жаңғыру» жаңғыру бағдарламасында көрсетілген бағыттарды ұстанып, балаларды рухани бағытта тәрбиелеу болып табылады. Бізідің алдымызда еліміздің дамуы үшін білімді де тәрбиелі ұрпақ тәрбиелеу жауапкершілігі тұр,- деді.
Конференцияда сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков 2018-2019 оқу жылындағы ауданның білім саласын дамытуға арналған он басымдылықты қолдануды ұсынды.
Кеңінен тоқталсақ: Бірінші: Мектептердегі Білім сапасының деңгейін одан әрі дамыту. Екінші: Аудан мектептері арасындағы бүгінгі мемлекеттік бағдарламаның барлық критерийлеріне сәйкес келетін көшбасшылық мектептер негізін қалыптастыру. Үшінші: Аудан мектептерінің кадрлық нығаюына барынша күш салу. Төртінші: Оқушылардың өзін-өзі көрсету мүмкіндіктерін кеңінен ашу. Бесінші: Балалар тәрбие орталығы базасында технопарк жүйесін ашу. Алтыншы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында оқушылардың өлкетану қөзқарасы мен көкжиегін кеңейту шараларын алу, Жетінші: Мектеп-оқушы-ата-ана «үштігі» аясында жүргізілетін жұмыстарда қамқоршылық кеңестерінің, ардагер ұстаздардың потенциалын кеңінен пайдалану. Сегізінші: Оқушылардың қосымша білім жүйесін қамтылу шекарасына ауданның барлық мектептерін кеңінен тарту, Тоғызыншы: Аудан мектептерін біртіндеп қаржыландыруға көшіру. Оныншы: Аудан мектептеріндегі «Әкім сағаты» шараларын жүйелі жүргізу, балалардың демалыс сапасын көтеру, еңбекке баулу жұмыстарын жобалық менеджментпен байланыстыра жүргізу.
Сонымен қатар конфренцияда сөз алған облыстық білім басқармасының басшысы Шолпан Қадырова облысымыз бойынша білім саласында атқарылып жатырған жұмыстар туралы баяндаса, «Ашық алаң» спикерлері «Батыс Қазақстан облысының білім саласындағы цифрландыру жобалары» тақырыбында облыстық білім басқармасының ақпараттандыру орталығының бас маманы Саягүл Әліпбаева, «Бала тұлғасын қалыптастырудағы отбасы мен мектептің өзара әрекеттестігі» тақырыбында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының аға оқытушысы Құралай Шамұратова, «Бәсекелестік білім беру – оқушылардың болашақтағы табысының басты факторы» тақырыбында Қараөзен мектеп-лицейінің директоры Мәншүк Жексенова, «Орта білім беруді жаңарту жағдайында үш тілде білім беруді әдістемелік сүйемелдеу» тақырыбында Ғұмар Қараш атындағы Қараоба мектеп гимназиясының қазақ тілі және әдебиет пәні мұғалімі Ләззат Есекенова, «Қосымша білім беру – жаңалық жаршысы» тақырыбында аудандық балалар тәрбие орталығының директоры Нұрлан Жасқалиевтер хабарламалар жасады.
Конференция барысында жас мамандар «Жарқын болашақ иесі – бүгінгі жас мамандар» атты тақырыпта өз ойларын ортағы салды.
Конфренция соңында бір топ ұстаздарға Қазақстан Республикасының «Алғысхаты», «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі» белгісі, 2017-2018 оқу жылында өз шығармашылық еңбегімен көрініп, пән бойынша үздік жетістіктер көрсеткені үшін қаржылай сертификат, облыстық білім басқармасының «Құрмет грамотасы», аудандық білім бөлімінің «Құрмет грамотасы» және аудандық білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымымен бірлескен номинациялар табыс етілді.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.