28.08.2018, 11:45
Қараулар: 50
ЕЛДЕР БІРЛІГІ – ХАЛЫҚТАР ЫРЫСЫ

ЕЛДЕР БІРЛІГІ – ХАЛЫҚТАР ЫРЫСЫ

«Ресей мен Қазақстан қатынасы ықылым замандардан бері барлық бағытта да әріптестік, тату көршілік, достық тұрғысында дамыды. Тәуелсіздігіміздің жылдарында біз осы ұстанымда болдық. Біз Еуразиялық экономикалық одақты болашақты көру үшін құрдық» -деген еді Елбасымыз бір сөзінде.
Елбасымыздың сөзінің жаны бар екеніне Қазталов ауданы мен Ресейдің Саратов облысы Александров-Гай аудандары арасындағы тығыз экономикалық, мәдени және рухани байланысты атап айтуға болады. Небәрі 45 шақырым қашықтықта орналасқан және қазақ ұлты тұрғылықты халықтың 70 пайызын құрайтын көршілерімізбен бұл байланыстың арасына сызат түсіп көрген емес.
24 тамыз күні Саратов облысының Александров-Гай ауданының қайта құрылғанына 45 жыл толуына орай өткен мерекелік шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков бастаған делегация қатысып қайтты.
Бұдан бір күн бұрын Астана қаласының 20 жылдығы мен Александров-Гай ауданының қайта құрылғанына 45 жыл толуына орай велошабандоздардың экпедициясы аттанып кеткен болатын. Жалпы қиындығы 1-ші санаттағы және 250 шақырым қашықтықты құрайтын велоэкпедиция Новоузенск ауданына дейін жетіп, ат басын Александров-Гай ауданы орталығына тіреді.
Ресей жерінде мерекелік шараладың басы аудан орталығындағы № 3-ші орта мектептің ауласында жаңадан салынған әмбебап спорт алаңының ашылуымен басталды. Спорт алаңының ашылу салтанатына жиналған көпшілік алдында қазақ жерінен келген қонақтар таныстырылып, велоэкспедиция мүшелеріне аудан басшысы Сергей Федечкин алғысын білдірді.
Мерекелік шара орталық саябақта жалғасын тауып, Александров-Гай ауданының тарихы мен бүгінгі тынысын баяндайтын фото көрмесіне ұласты. Бұл мерекелік шараға Қазталов аудандық балалар тәрбие орталығы оқушылардың қолынан шыққан бұйымдардың көрмесін де алып барған болатын. Көршілерімізге көрмені таныстырған аудан басшысы тойға келген Саратов облысы басшысының орынбасары Алексей Стрельниковке қойдың жамбас сүйегінен жасалған естелік сыйлықты тарту етті. Біздің көрмедегі экспонаттардың әдемілігі және қарапайым ғана материалдарды қолдануымен жасалғандығына таң қалған Саратов облысы басшысының орынбасары ризашылығын білдіріп, оң бағасын берді.
Орталық алаңға келген қонақтарды тосаптар (варенье) фестивалі қарсы алды. Тосаптар фестивалінде жеміс-жидектердің сан алуан түрінен жасалған тәттілер көздің жауын алады. Фестивальдің бір ерекшелігі келген қонақтар тәтті тосаптардан дәм татпай, шәй ішпей кетпейтіндігі. Біздің де ауданнан келген делегация мүшелеріне де тосаптардан дәм ұсынылды.
Мерекелік шараның қызған шағын орталық алаңда «Из века в век, за годом год…» атты театрландырылған қойылымнан байқадық. Алексанров-Гай ауданының тарихын сонау ХVIII ғасырдан бастап бейнелейтін көріністе сол кездегі елеулі оқиғалар жақсы сомдалып, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Қойылымнан кейін сөз алған Саратов облысы басшысының орынбасары Алексей Стрельников, Александров-Гай ауданның басшысы Сергей Федечкиндер аудан күнімен барша тұрғындарды құттықтаса, Қазталов ауданының әкімі Абат Шыныбеков,- Қазақ елі мен Ресей арасындағы байланыс ежелден басталады. Тарихи-мәдени байланыс жағынан да, бүгінгі таңда экономикалық тұрғыдан алғанда да Қазақстан үшін Ресейдің орны бөлек. Неге десеңіз, іргелес жатқан елдер болғандықтан, экономикалық даму үрдісі де, қоғамның дамуы да бір-біріне оң ықпал етері сөзсіз. Екі ел арасындағы байланыстың дами түсуі бәрімізге де тиімді болмақ. Қазталов ауданының халқы атынан бүгінгі тойланып жатырған аудан күнімен шын жүректен құттықтаймын!- деген тілегін жеткізіп, Александров-Гай ауданының басшысы Сергей Анатольевичке алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті.
Сонымен қатар мерекелік шарада келген қонақтар саябақ төрінен орын алған аллеяда талдар ексе, шараның соңы спорттық ойындар мен концерттік бағдарламаға ұласты.
Концерттік бағдарламада Саратов облысының көршілес Питерск, Новоузенск аудандары мен қатар Қазталов ауданының көркемөнерпаздары да өз өнерлерін ортаға салды.
Бірілігі мен татулығы жарасқан, дос десе құшағын айқара ашқан көрші елдің тойынан ұмытылмас әсер алып, қимай қоштастық.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар