22.08.2018, 15:47
Қараулар: 41
АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Қазталов аудандық сотының төрағасының міндетін атқарушы Ұ.С.Мұханғалиева Бостандық және Бірік ауылдық округінің мәдениет үйінде мекеме өкілдерінің, ауыл тұрғындарының қатысуымен кездесу өткізді.
Ұмсын Мұхангалиева Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен Қазақстанда билер кеңесін қайта құру идеясын ұсынылғанын, билер кеңесінің жаңғыруы — халық арасында ұсақ-түйек кикілжіңдер мен өзара дауларды шешудің ең тиімді амалы болып табылатынын айтты.
Билердің мәселелердің мәнін айқындау өнеріне, екі жақтыда байыппен тыңдау шеберлігіне және де әр дауды шешу үшін табылатын дұрыс та, дана сөздері кез-келген заманауи судьяны қызықтырары сөзсіз. Олардың философиялық ойлау қасиеттері діни сауаттылыққа, имандылыққа негізделгендігі сонша, олар адамның іс-әрекетінен, ой-өрісінен жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрысты шебер ажырата білген. Істің ақиқатына жетіп, адамдарды келістіру өнерімен келер ұрпаққа үлгі болған, татулықты насихаттаған билеріміздің есімдері әлі де ел аузында. Егер де осындай адамдар пайда болса Қазақстан қоғамында көп нәрсе өзгерері анық. Шынайы, кәсіби билердің қоғамдық сананың өзгеруіне, менталитетіне зор ықпалын тигізетіні көп айтылуда. Қазіргі заманға жетіспей тұрған даулы сұрақтарды шешетін адами құндылықтарға бағытталған жаңа деңгей қалыптасар еді.
«Билер кеңесін» құру жөнінде ауданның және ауылдық округтар халқына түсіндіру жұмыстары жүргізілуде екенін, көпшіліктің ұсыныстары негізінде, әр ауылдық округтерден Билер кеңесіне лайықты тұлға сайлануының қажет екенін түсіндірді.
Өз кезегінде ауыл тұрғындары ел ішінде беделі салмақты, аузы дуалы қариялар, сөзбен жанжалды ажырата алатын, бұрын абыройлы қызмет атқарған, қазір зейнеткерлік жаста жүрген ел ағалары, ауыл ақсақалдары бар екенін, Билер кеңесі дау-дамайды шешіп, бітімгершілік туын желбіретіп, тентекті тезге салып отырса, неге құптамасқа- деген ұсыныстарын білдірді.
Сондай-ақ кездесуге қатысқан аудандық соттың кеңсе меңгерушісі Р.Қаженов сот жүйесінің жұмысына енгізілген заманауи технологиялар жайлы, «Сот кабинеті» сервисінің жұмысы туралы, аталған сервиске енгізілген жаңа қызметтер жайында айта келіп, «Сот кабинеті» сервисін мүмкіндігінше кеңінен қолдануға шақырды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК