20.08.2018, 11:19
Қараулар: 5
ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

ЕҢБЕК АРДАГЕРЛЕРІН ҚАБЫЛДАП, ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

17 тамыз күні аудан әкімі Абат Шыныбеков ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагерлері Махамбет Бермағамбетов пен Тауфиқ Мұқановты 70 жасқа толу мерейтойына орай қабылдау жасады.
Бұл екі есім – ауданымыз емес, облысымызға танымал деп айта аламыз. Жастайынан еңбекке араласқан Махамбет Бермағамбетов еңбек әулетінің темірқазығы деуге болады. Бүгінде 70-тің төріне келсе де ағамыз еңбектен қол үзген жоқ. «Қайнар» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде көптеген істер тындыруда. Ал Тауфиқ ағамыз ауданның қаржы саласының өркендеуіне бір кісідей үлес қосқан азамат. Сонымен қатар аудан әкімінің бірінші орынбасары қызметінде жүргенде сол кездегі елдегі экономикалық қиыншылықтардан ауданымызды алып шығуға өзіндік қолтаңба қалдырды. Бұдан басқа да бұл ел сыйлаған екі азамат ауданымыздың қоғамдық-саяси өмірінен де қол үзбей келеді. Тауфиқ Уәшұлы аудандық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы ретінде ауданымызда тұрақтылықтың, бірліктің болуы үшін еңбек етуде.
Қабылдауда аудан әкімі осындай ізгі тілектерді айта келіп, екі ардагерді мерейлі жастарымен құттықтап, иықтарына шапан жапты. Сонымен қатар алғысхат пен Тұрар Рысқұлов атындағы қордың «Ауылға еңбегі үшін» медалін табыстады. Екі ардагерді аудандық мәслихат және аудандық ардагерлер кеңесі , аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі атынан құттықтап, республикалық «Құрмет граматосымен» қатар облыстық, аудандық ардагерлер кеңесінің, облыстық ауыл шаруашылығы бөлімінің алғысхаттарымен марапатталды.
Осындай жылы шырайлы қабылдау үшін екі еңбек ардагері аудан әкіміне, қоғамдық және салалық ұйымдарға рахмет айтып, атқарып жатырған жұмыстарына табыс тіледі.

«Ауыл айнасы» ақпарат