17.08.2018, 11:03
Қараулар: 124
ОБЛЫСТЫҚ ТУРИСТІК ТОП МҮШЕЛЕРІ АУДАНЫМЫЗДА

ОБЛЫСТЫҚ ТУРИСТІК ТОП МҮШЕЛЕРІ АУДАНЫМЫЗДА

15-16 тамыз күндері ауданымызға облыстық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының директоры Виктор Павлович Фомин мен облыстық білім беру бөлімінің әдіскері Алмагүл Кизагалиева бастаған туристік топ мүшелері ауданымызға келді. Топ мүшелерінің қатарында облыс аудандарының балалар-жасөсперімдер және экология орталығының өкілдері болды. Келген қонақтар «Алау» жазғы демалыс лагерінде болып, ауданда туризм саласының дамуы бағытында атқарылып жатқан жұмыстары мен іс-тәжірибелерімен танысты. Сонымен қатар Қошанкөл ауылындағы жаңадан жабдықталған музейлердің жұмысын да көріп,Қошанкөл ауылының концерттік бағдарламасын тамашалады. Бұдан кейін олар аудан орталығында болып, «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсені және жақында ғана ашылған музейді аралады. Содан кейін секция жұмыстарына қатысып, өңірімізде туризмді дамыту мен қоршаған ортаны сақтау туралы пікір-ұсыныстарын ортаға салды.
Облыстық балалар-жасөспірімдер туризм және экология орталығының директоры Виктор Павлович Фомин «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесінде қоғамдық ұйым өкілдері және жастармен кездесіп, «Батыс Қазақстан облысында туризмді дамыту жолдары» тақырыбында пікірсайысқа қатысты. -Қандай жұмыс атқарсақ та қоршаған ортаны қорғау, оны дамыту басты бағытымыз болып қала береді. Бүгінгі күнде елімізді туризм державасына айналдыру міндеті тұр. Күні кеше ғана Елбасымыз Ақтауда болғанда Ақтаудың екінші Анталия болу қажеттігін айтып өтті. Біздің еліміз туризмнің нағыз орталығы болатын ел.

Өйткені жеріміздің әсем табиғаты да, тарихи орындары да көп,- деді келген қонақ өз сөзінде. Пікірсайыста Шалқар көлінің және Жайық өзенінің бүгінгі жәйі, оны қорғау, сонымен қатар минералды заттарға бай сорларды тиімді пайдалану, тағы басқа да туризмді дамыту мен қоршаған ортаны сақтау туралы сауалдар қойылып, түрлі жауаптар қайтарылды. Келген қонақ сөзінің соңында: -Қазақ халқы – қоршаған ортаны болашаққа аманат етіп кеткен бірден-бір ұлы халық. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысқан халық жайылымды пайдаланғанда, соның ішінде қой малын жайғанда оның жайылымын әлсін-әлсін өзгертіп отырған. Ал бұл қасиетті жерді тоздырмау үшін болған. Міне, бұның өзі үлкен тәрбие емес пе?! – деді.
Пікірсайыс соңында аудандық «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсенің жетекшісі Мирбол Адаялиев Виктор Павловичке рахмет айтып, естелік сыйлық табыстады. Соңынан келген қонақтар «Құрмет» кітабына қолтаңбаларын қалдырды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Жаңалықтар

Басқа да мақалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.