13.08.2018, 11:38
Қараулар: 31
БАҚША САЛЫП, АЛМА БАҚҚА ЖАН БІТІРГЕН

БАҚША САЛЫП, АЛМА БАҚҚА ЖАН БІТІРГЕН

Қараөзеннің бойында орналасқан Қайыңды ауылында бақша салып, балық аулап өз күніңді көруге көп мүмкіндік бар. Осындай құдайдың берген несібесін пайдаланып жатырғандар да жоқ емес. Әсіресе, аудандық білім бөліміне қарасты аудандық балалар тәрбие орталығының ұжымы Қайыңды балалар жазғы демалыс лагерінде бақша егіп, жемісін алып жатыр.
Әңгімені басынан бастайық. Бұл демалыс лагері орналасқан жер кезінде үлкен алма өсірген бақ болатын. Бүгінде бағзының көзіндей әр жерде «шошайған» тал-теректен басқа көзге ештеңе ілінбейтін. Жері әбден тыңайып, кім мені игереді?-дегендей күй кешкендей еді…
Жаста болса жүрген жерінде шаруаға мығым Нұрлан Жасқалиев балалар тәрбие орталығына басшы болып келген күннен-ақ осы бақты жандандыруды қолға алып жатыр. Биылғы жылы бақ ішіндегі 1 гектар жерді жыртқызып, бақша дақылдарын ектіріпті. Қайыңдыға барып, өз көзімізбен көріп қайттық.
Нұрланның өзінің айтуынша: — Қайыңды демалыс лагерінің орналасқан жері бақша егуге қолайлы болғасын, биылғы жылы азда болса бақша дақылдарын егіп көрейік деп шештік. Бақшаға қияр, қызанақ, картофель, қызылша, сарымсақ, пияз, асқабақ, қауын, қарбыз сияқты дақылдар отырғыздық. Еңбегіміз нәтижесіз болған жоқ, өсіп жатыр. Лагерьде демалған балаларды да осы жұмыстарға тарттық. Осы бақшаны күтіп-баптау жұмыстарында жүрген азаматтарға алғысым шексіз! Ауыл азаматтары Қуат Қабиев, Орынбай Алтаев, Талғат Сапаровтарды атап айтар едім. Әсіресе, бақша дақылдарын егуде өзінің өмірлік тәжірибесі мол Талғат ағамыздың еңбегі зор. Бұрынғы бақты да жандандыруды қолға алмақ ойымыз бар. Алдағы жылы жеміс теректерін де отырғызуды көздеп отырмыз,- деді.
Бақшаның басында жүрген Талғат ағамыз да әңгімеге араласып,- 1989 жылы әкем Өмірзақ осы жерде бағбан болып қызмет жасады. Сол кездері алма мен алмұрт самсаған жеміс теректері көп болатын. Бала болсам да әкемнің қалмай, бақтың басында жүретінмін. Біреуге өтірік шығар, баққа бал аралары ұя салғанын да өз көзіммен көріп едім. Міне сол бақты жандандыруды ойлап жүрміз,- деген ойын жайып салды.
Ел аузындағы «Мал семіз болса, төл егіз. Жер семіз болса, дән егіз» деген сөзі осындай еңбекқор жандардың берекелі кәсібіне берілген оң бағасы болса керек. Бұдан шығар түйін, Қайыңдының алма бағына жан бітіріп, жандандырып жатырған азаматтардың еңбегінің еш болмасы анық.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар