9.08.2018, 17:09
Қараулар: 113
ҒАРИФОЛЛАНЫҢ ҚАУЫНЫ, ҚАРБЫЗЫ

ҒАРИФОЛЛАНЫҢ ҚАУЫНЫ, ҚАРБЫЗЫ

Тамыз айы басталғанда қазталовтықтардың есіне Ғарифолла Ғаббасов және Қосшы ағамыз еске түседі. Еске түспей қайтсін, өз жерімізде өсіп-өнген бау-бақшаның өнімін сатып алғың келеді. Басқа жақтан келіп жатқан көкөністерге кейде күмәнмен де қараймыз ғой…
Ғарекең 2014 жылдан бері Сарыөзеннің жағасында бау-бақша өсіреді. Өткен жылы Ғарекең сырқаттанып қалды. Сол кезде Ғарекеңнің қаңтар, ақпан айындағы саттыққа шығаратын қарбыз-қауынынан енді дәм татпаймыз ба деп те ойлағанымыз бар. Бірақ Ғарекең сырқатынан жазылып, биыл 1 гектардың үстіндегі жерге қияр, асқабақ, қауын-қарбыз, сәбіз, қызылша, картоп, тағы басқа да көкөністерді салып, алдын саттыққа да шығарып жатыр. Ғарифола: — Жаз бойы мына салып қойған үйшікте боламын. Күн сайын суарып, арам шөбін жұлудың өзі бір жұмыс. Кейде Қазталовтың 75 сиыры беймезгіл «қонаққа» келіп, мазаны алатыны бар. Бұл сиырларды қайыра-қайыра танып та алдым,иесін де білетін болдым,-дейді.
Сонымен қатар Ғарифолла жеміс ағаштарын да отырғызыпты. Енді Алла бұйыртса 2-3 жылдан кейін бұл ағаштар да жеміс беретін көрінеді. Біздермен әңгімесінің соңында ол,- күнде бу,су сериалдарды теледидардан көріп, 380 теңгенің темекесін тартып жатқаннан не пайда? Мынандай керемет жерде еңбек етіп, табыс тапқанға не жетсін?! — деді.
Расында да Сарыөзеннің бойында не барлығы 3 адам ғана бау-бақша салып жатыр екен. Ал Сарыөзен сылдырлай ағып,- Ей ағайын, менің төсімді неге еміп жатпайсыңдар? Қолдарыңа күрек ұстап, аздап терлесеңдер, ырыс үйіңе кіреді ғой, — дегендей тіл қатады…

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.