9.08.2018, 17:03
Қараулар: 82
АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ 500 ШАРБАҚҚА ШӨП ДАЙЫНДАЛУЫ КЕРЕК

АУДАН ОРТАЛЫҒЫНДАҒЫ 500 ШАРБАҚҚА ШӨП ДАЙЫНДАЛУЫ КЕРЕК

Ауданымызда мал азығын дайындау жұмыстары күннен-күнге қарқын алуда. Жұртшылық шөп шығымы аз деп қол қусырып қарап отырмағанын көрудеміз. Ауданның шаруа қожалықтарымен қатар жеке тұрғындардың қолындағы мал үшін де шөп базасы жасақталуда. Осыны білу мақсатында Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуовке жолығып, әңгімеге тарттық.
— Ауданымыздағы ең үлкен округ -Қазталов ауылдық округі. Аудан орталығымен қоса 3 елді мекені бар. Шаруа қожалықтарын және жеке тұрғындарды қосқанда қолдағы мал үшін 290 мың центнер табиғи шөп дайындау жоспары тұр. Қазір соның 199 мың центнері дайындалды. Жоспар 47,9 пайызға орындалып отыр. Су шығарылған «Солдаткөлден» 201 адам 15 мың центнердей шөп дайындап алды. Жалпы аудан орталығындағы 500 шарбаққа шөп алынуы қажет.
Бұнымен қоса бүгінгі күнде Қайыңды ауылдық округімен келісе отырып, Абат Хитаров деген кәсіпкер азаматымыз өзінің «Камаз» автокөлігімен 6 рейс шөп тасыды. Әрбір рейсінде 25-тей рулон келеді. Оның әрбіреуі 4 мың теңгеден саттыққа ұсынылуда. Сондай-ақ жеке тұрғындар да өз күштерімен мал азығын дайындауда. Мәселен, Болат Тұрсынов, Таймас Валиев «Урал» мотоцикліне шалғы орақ орнатып, сай-салалардан шөп дайындаса, ал жасы 72-ден асқан Темірболат Нұғманов, Мұқанғали Бектілеу ағаларымыз қолына шалғы орақ ұстап, жастарға үлгі болатындай еңбек етуде. Жалпы шөп дайындауда бұнымен тоқтап қалмаймыз. Шөп шығымы жақсы Болашақ , Қайыңды ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтарымен келісімдер жасалуда. Сонымен қатар малдың құрама жемін сатып алуды ұйымдастыруда күн тәртібінде тұр. Барлығымызға белгілі биылғы жылы облыстың басқа өңірлерінде салған егіннің шығымы төмен ғой. Дейтұрғанмен бұл мәселені де ойластырудамыз,-деді округ әкімі бізбен әңгімесінде. Біз де осындай атқарылып жатырған жұмыстарға ел болып қолдау көрсетейік деген ойымызды білдірдік.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ