6.08.2018, 10:32
Қараулар: 8
ЖАБЫДАН АСҚАН ЖЫЛҚЫ ЖОҚ

ЖАБЫДАН АСҚАН ЖЫЛҚЫ ЖОҚ

Бұқар жыраудың:
… Жал-құйрығы қаба деп,
Жабыдан айғыр салмаңыз.
Жабадан айғыр салсаңыз,
Жауға да мінер ат тумас
– деген аталы сөзі жадымызда. Әрине, ол заман жылқы баласы Алаш жұртына майдан даласында қызмет еткендігін, қолтығында қос қанаты бар қазақы жылқының қашса құтылып, қуса жеткендігін, жарақты жауға жалтаңдап кіріп, арты артына сыпырылған дұшпанды тұяғымен жапырып тастайдығын көне тарихтың көмбесінен білеміз. Қазір қазақ атқа мініп, жауға шабайын деп жатқан жоқ қой. Ендігі бізге керегі – етті әрі сүтті тұқым. Оның үстіне жабының қысқа шыдамдылығы жақсы. Ауданымызда жылқы шаруашылығы жақсы дамыған. Өткен қыс ұзақтығымен, бірде аяз, бірде көк мұз болып жылқы малына көп қиындық әкелгенін де жақсы білеміз. Дейтұрғанмен Қамбар атаны өсіріп отырғандар құрық ұстап қалған жоқ. Қай округке барма дала төсін қасиетті жануардың тұяқтары дүбірге толтыруда. Аудандық ауыл шаруашылық бөлімінің мәліметіне сүйенсек, аудан бойынша 24472 бас жылқы малы бар екен. Исатай Абулхатин жетекшілік ететін «Жаңа тұрмыс» өндірістік кооперативі , «Бейназар» және «Қамқор» шаруа қожалығының жетекшілері Бейбіт Өтеғұлов, Мұрат Хасановтар асыл тұқымды Көшім жылқысын өсірумен айналысады. Ал «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжанов аралас тауарлы жылқы малын өсіруде. Сонымен қатар ауданымызда Нұрлан Нұғманов («Екпін» ШҚ), Ғайса Жұмағалиев («Қарасу» ШҚ), Рауан Есенғалиев («Бақыт жолы» ШҚ) сияқты қадірлеген кәсіп иелері де дала төсін жылқы малына толтыруда. Биылғы жылдың алты айлық қорытындысы бойынша 6578 бас құлын алынған екен. Бұл өткен жылдың осы уақыттарымен салыстырғанда 7,2 пайызға артып отыр. Сонымен қатар 2014 жылдан бері он алты шаруашылық 464 бас Көшім жылқыларын алып, асылдандыру жұмыстарын жүргізуде бастаған. Осыны зерделеп қарасақ, ауданымыздағы жылқы шаруашылығымен айналысатын шаруа иелерінде қазақтың жабы тұқымдас жылқысы аз сияқты көрінеді де тұрады.
Енді сәл шегініс. Сонау Кеңес дәуірі кезінде жылқы малына деген сұраныстың азайып кеткен уақыттың болғаны да бар. Сөйтіп қазақтың жабы тұқымы аза бастады. Осындай немқұрайлықтың әсерінен бестісі тайдай, тайы жабағыдай, тұқымы азған жылқы пайда бола бастады. Құрығы құтты жылқышылар да көп болған жоқ. Барлық назар ақ қойға ауды. Өйткені ол кезде ақ қойдың жүні алтынмен пара-пар еді. Міне, сөйтіп халқымыздың төрт түлігінің бірі Қамбар ата назардан тыс қалғаны бар. Қазір заман өзгерді. Жылқыға деген сұраныс күшейді. Осындай сұраныс күшейіп тұрғанда даламызды жабы тұқымына толтыру толғағы жеткен мәселе. Ғылыми негіздемеге сүйенсек, Жабы – нағыз қазақы жылқы. Өзге жылқылармен салыстырғанда артықшылығы да көп. Ол жыл он екі ай бойы жайылымда тебіндеп шығады. Тым қатты боран аяз болмаса өз күнін өзі көреді. Оның үстіне жылқының бұл түрі денесінің ірілігімен ерекшеленеді. Қоңдылығы жағынан алғанда көп жылқыдан бәсі басым. Ірі жылқының салмағы 450-500 келіге дейін жетеді. Ал биелері тәулігіне орташа есеппен 5 литрге дейін сүт береді екен. ал осындай қазақтың жабы тұқымды жылқысын өсірсе, ырыс босағаңызға келеді деуге болады.
Өткенде жылқы өсірумен 150 жыл болған династия «Миялы» шаруа қожалығының жетекшісі Өтепберген Бекжановпен кездесіп қалғанымыз бар. Сонда ол: — Атам, әкем, мен, бүгінде балаларым қасиетті жануарды бағумен келеміз. Жылқы – біздің жанымыз. Ал бүгінгі күнде шындығы керек қазақтың жабысы азайып бара жатыр. Тіпті көп адамдар мұхиттың ар жағынан ағылшын тұқымдастарды әкелуде. Әкелсін, өсірсін, бірақ сар даламен етене байланыстағы жабы тұқымынан қашқақтамауымыз керек. Осы күнге дейін халқымыз сол жабы тұқымын өсіріп келді,- деді. Жылқы өсіруден «дала академигі» атанған Бекжановтар династиясының шеберінің сөзіне алып-қосарымыз жоқ.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар