6.08.2018, 10:21
Қараулар: 110
МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

Кәсіподақ – өндірістегі және өндірістен тыс салалардағы қызметкерлерді біріктіретін, өз мүшелерінің әлеуметтік-экономикалық құқтары мен мүдделерін қорғау үшін құрылатын ерікті ұйымдар; қызметінің сипаты мен кәсіби мүдделерінің ортақтығына қарай ұйымдасқан азаматтардың бұқаралық ерікті қоғамдық бірлестіктері. Осы орайда 3 шілде күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында кәсіподақ ұйымдарының жұмысы туралы түсінік қалыптастыру, оларды жүзеге асыру мақсатында жиын өтті. Аталмыш жиынға аудан әкімі Абат Шыныбеков төрағалық етіп, кәсіподақ ұйымдарының қызметін жетілдіру мәселелерін қарастырды. Басқосуға салалық кәсіподақ ұйымдарының төрағаларымен бірге аудандық мекеме, дербес бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, аудандық кәсіподақ ұйымының төрағалары мен мүшелері, шаруашылық басшылары мен кәсіпкерлер қатысты.
Жиында «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салыхов , — 110 жылдан астам тарихы бар кәсіподақтар Федерациясы жұмысының негізгі бағыты — кәсіподақтарды ірілендіру, біріктіру және құрылымын жаңғырту. Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының құрамын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізілуде. Облыс бойынша кәсіподақ мүшелерінің жалпы саны 74 562 құрайды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыс көлемінде 969 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыстануда. Облыс көлеміндегі кейбір мекеме мен ұйымдар, соның ішінде облыстағы құрылыс, қайта өңдеу, кәсіпкерлік салаларындағы мекемелер кәсіподақ ұйымдарын құруға құлықты емес. Сондықтан бұл кәсіпорын-мекемелерде кәсіподақ ұйымдарын ашу жөніндегі үгіт-насихат жұмыстары әлі де жалғасады,- деді өз сөзінде.
Сондай-ақ облыстық еңбек инспекциясы басқармасының өкілі Ерсайын Қыдыров «Еңбек шартын жасаңыз!» республикалық акциясы жөнінде, аудан әкімі аппаратының персоналды басқару қызметі бөлімінің басшысы Айша Әбішева комитеттің атқарып жатырған жұмыстары туралы баяндады.
Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салыхов кәсіподақ ұйымының белсенділері – Бостандық ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Максим Қожағалиев пен аудандық білім беру бөлімінің бас экономисі, білім беру ұйымдары бойынша бастауыш кәсіподақ ұйымының қазынашысы Балжан Тоқпановаға облыстық кәсіподақтар орталығының алғысхаттарын табыс етті.
Жиын соңында облыстық кәсіподақтар орталығы және Қазталов аудандық әкімдігі арасындағы өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Бұдан кейін «БҚО-ның кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ербол Салыхов бастап келген топ аудандық орталық ауруханада болып, денсаулық сақтау қызметкерлерімен кездесті. Сонымен қоса «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО филиалының төрағасы міндетін атқарушы Махамбет Құсайынов және БҚО кәсіподақтар төрағасының заңгері Зина Төлеуғалиева кәсіподақ ұйымының жұмысын ширату, түйінді түйткілдерін шешу жайында әңгімелесті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Жаңалықтар

Басқа да мақалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.