6.08.2018, 10:13
Қараулар: 59
«ҚАРАСУ АВТОНОМИЯСЫ»

«ҚАРАСУ АВТОНОМИЯСЫ»

Бұл – аудан орталығындағы «Қарасу автономиясы». Автономия десе, дегендей… Ортасын Қарасу бөліп тұрған 13 үй тыныш, бақуатты өмір сүріп жатыр. Олардың түрлі жиындарда,- бұл жаққа бір нәрсе жасаңдар – деп, мәселе де көтеріп жатырғандарын естіген жоқпыз. Тіпті ол жаққа барып биржада жұмыс жасайтын адамдардың түрлі қалдықтарды жинап жүргенін де көрген жоқпыз. Яғни, бұл «автономия» барлық мәселелерді өздері шешетін секілді… Керек десең олардың малдары да «автономия». Қарасудың малы бағылып жатыр деп тағы естіген жоқпыз. Өріске барады, өрістен жоғалмай келеді… Бұл «автономиядағылар» «урбанизация» дегеннен де бейхабар. Олай дейтініміз – көшеміздегі көршілердің бірі көшіп, бірі келіп жатса бұнда ондай үрдіс некен-саяқ. 13 үйдің барлығында ежелгі тұрғындар немесе солардың балалары, немерелері. Бұл «Қарасу автономиясы» Қазталовтың этнографиялық ескерткіші деуге де болады. Осы жақта ауданымыз қала берді республикаға танымал адамдар өсіп, ер жетті. Мысал келтірейік. Өңірімізді басқарған Қабиболла Жақыпов, оның туыстары Каримолла Жақыпов, Қазиолла Жақыпов, ұзақ жыл есепші болған Айтжан аға, соғыс ардагері Баташ Балмулдин, қолынан өнер тамған Талап аға, ұзақ жыл редактор болған Зайдолла Қабдығалиев, Салыховтар әулеті , тағы басқалары осы көшенің байырғы тұрғындары болды. Сондай-ақ бүгінгі күнде мемқызметшілердің «ақсақалы» атанған, еңбек кітапшасындағы қызметіне көз жүгірте қалсаң бір күн уақытың кететін «Ақтөкең»(Тұяқ Жалмұқанов) та осы «автономияның» байырғы тұрғыны. «Автономияның» қазіргі күндегі үлкені Жұмажан аға мен Айғаным апа – немере сүйіп отырған жандар. Ал олар жыл сайын бау-бақша өсіріп, ырыздығын татып отыр. Қарасудың бетінде ақ қаздар да қалқып жүр. Күнде олар өздерінің ата-әжелері, аға-апалары жүрген Қарасу көпірінің үстімен «үлкен жермен» байланыс жасайды. Осыны көріп отырып, халқымыздың ерте кездег і бір ауыл болып отыратын дәстүрі елестейді. Сондықтан да «Қарасу автономиясының» тұрғындарына осындай тату-тәтті, жұртқа үлгі болатындай бақытты ғұмыр кеше беріңіздер! — дегіміз келеді.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ