6.08.2018, 10:07
Қараулар: 98
ҚОШАНКӨЛ – ҚЫМЫЗДЫҢ ОТАНЫ

ҚОШАНКӨЛ – ҚЫМЫЗДЫҢ ОТАНЫ

Жол шығып, ауылыма бара жатқанымда «Хажымұрат» шаруа қожалығының иесі Есенгелді ағаммен кездесіп қалдым. Біраз жылдан бері өрісті малға толтырған еңбекқор ағамыз ауыл шаруашылығының білгірі деуге болады. Басқа шаруаны айтпағанда ол жаз бойы қымыз дайындап,көпшіліктің алғысына бөленіп жүр. Есенгелді аға: — Қазіргі күнде 3-4 биеден қымыз дайындап отырмыз. Сұраныс өте көп. Адамдар да ұлттық сусынға ден қоя бастады ғой. Әсіресе, тойларға деген сұраныс мол. Кей жағдайларда сұраныстың көптігінен үлгіре алмай қалып жатамыз. Бірақ шамамыз келгенше халықтың қажетін өтеуге тырысудамыз. Бірақ бір қызығы қымызға ауылдан гөрі Орал қаласынан сұраныс көп түседі» — деді.
Ағамыз осылай дегенде аздап ойланып қалдым. — Біздің аудан тұрғындары қымызға тойып кетті ме, әлде үйлеріңде бие байлап отыр ма екен? — деп… Негізінен естіп жүргенімдей аудан орталығына шаруа қожалықтары қымыз сатуға әкелсе сұраныс аз болғандықтан өтпей қалатын жағдайлар көп болатын көрінеді. Қазіргі күнде кәсіппен айналасқан адам шығынмен жұмыс жасамайды ғой. Өнімдері өтпеген соң сауда орындарына шығаруға да қызығушылық танытпайды. Осы арада кешке қарай «Достық» саябағында мәдени шара өте қалса кішкентай балалардың қолында түрлі бояулармен «жасандырып» қойған тегі белгісіз сусындарды көреміз. Ал осының орнына жылжымалы мұздатқыш арқылы қымыз сатылса екі жаққа да тиімді болар еді деген ой келеді. Жалпы менің ойымша Қошанкөлді қымыздың отаны деуге болады. Себебі ақпанның ақырған аязында Меңдіхан ағамыздың бал қымызынан дәм татудың өзі неге тұрады?! Сонымен қатар Серік Ахетов даярлаған қымыз ауылдықтардың сұранысын өтеп тұрғанын да айтқан жөн.
Бал татыған, денсаулыққа шипа қымыз барлық ауылда Қошанкөлдегі сияқты толып тұрса екен. Ал қымыздың дәмін татқыларыңыз келсе, Қошанкөлге келіңіздер, ағайын!

Гүлнұр ҚАЗБЕК

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.