6.08.2018, 10:04
Қараулар: 60
ШӨП ШАБУ НАУҚАНЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?!

ШӨП ШАБУ НАУҚАНЫ ҚАЛАЙ ЖҮРГІЗІЛУДЕ?!

Бүгінгі мал баққан ағайынның басты уайымы: — қысқа мал азығын қалай дайындаймын? — деген сұрақ турары сөзсіз. Шілде айы аяқтала келіп, тамызға аяқ басқан кезімізде ауданымыз бойынша шөп шабу науқаны қандай жағдайда екенін білмек болып, аудандық ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөліміне бас сұқтық.
Бөлім басшысы алдымызға «шұбатылған» цифрлармен белгіленген кестені жайып салды. Мұндай қағаздағы мәліметке көз жібере отырып, бөлім басшысы Сергей Тоқпановтан түсінік сұрадық.
Оның бізге түсіндіргені,- Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша 350 мың тонна мал азығын дайындау жоспары тұрса, оның 100 мың. 433 тоннасы орындалып отыр. Бұл орта есеппен 28,7 пайызды құрайды. Шөптің шығымдылығы 1 гектардан 5,2 центнер өнім алынуда. Әрине, биылғы жылы шөптің шығымдылығы төменірек. Шөп шабу науқанына 651 орақ түсіріліп, 333 трактор қатысуда. Былтырғы жылмен салыстырғанда осы күндегі мал азығын дайындау процестері баяу деуге болады. Бұған шөп шығымының аздығы да әсер беріп отырғаны жасырын емес.
Шөп шығымдылығының потенциалы жоғары округтерге тоқталсақ, Қараоба, Көктерек, Қарасу, Қараөзен, Жаңажол ауылдық округтерін атап айтуға болады. Бұл округтердің көлтабандары мен шабындықтарына су шығып, мал азығын дайындау қиындық туғызбайтыны анық. Соның ішінде, Жаңажол мен Қараөзен ауылдық округтерінде шөптің шығымдығы 9 центнерді құрап отыр.
Ал шөп түсімі шамалы ауылдық округтердің қатарында Талдыапан, Ақпәтер және Бостандық ауылдық округтерін кіргізуге болады. Бұл ауылдардағы қожалықтар мен шаруаларға мал азығын дайындау үшін ауылдан 40-50 шақырым қашықтыққа баруы керек немесе басқа ауылдық округтердің шабындықтарына түсудің қажеттілігі туындайды. Бостандық пен Тереңкөл ауылдық округтерінің шаруалары Саралжын, Қызылғұрт, Мешеркөл бағытындағы шабындықтарға орақ салып жатыр. Осындай жұмыстарды ұйымдастыру барлық ауылдық округтердің әкімдіктеріне тапсырылуда және біздің бөлімінің мамандарының жіті бақылауында тұр.
Мәліметтерін дұрыс бермей, ұйымдастыру жұмыстарын ақсатып жатырған округтер де жоқ емес. Олардың қатарында Қайыңды, Болашақ, Талдықұдық ауылдарын атауға болады. Осы округтерді аралаған сапарларымызда елді мекендерде жоспарланған мал азығының 30 -40 пайызын дайындап алғанын көріп қайттық.
Жалпы ауданымыз бойынша жағдай бір қалыпты. Дала өрттері орын алып жатырған жоқ. Шаруашылықтар мен мал ұстайтын ағайындарға: — Шөп шабу науқаны кезінде техникаларына мұқият болып, өрт шығудың алдын-алу жұмыстарына аса мән берсе екен,- дейміз.
Р.S. Міне, ауыл шаруашылығының бас қожайыны қағаздағы мәліметтерді біздерге осылай сөйлетіп берді. Дегенмен, бұл қағаздағы мәлімет. Қағаз бен нақты фактының арасы жер мен көктей емес пе?! Лайым, сәйкестік болғай…

Қайрат ЖАҚЫП