6.08.2018, 9:39
Қараулар: 44
ОСЫ ХИКАЯНЫҢ БАСТЫ ОРЫНДАУШЫСЫ БОЛДЫМ

ОСЫ ХИКАЯНЫҢ БАСТЫ ОРЫНДАУШЫСЫ БОЛДЫМ

Редакцияға ұзақ жыл бойы мектепте абыройлы ұстаздық қызмет атқарған Серікбай Жапақов ағамыз келді. Биыл 150 жылдығын тойлағалы отырған Алма Оразбаева мектебін бітіргендеріне 60 жыл толыпты. Мектеп тарихы туралы құнды материалдар ала келген екен. Серікбай ағамыз бұдан бұрын да қызықты да құнды әңгімелерімен біздің газетте жиі көрінуші еді. Осыған байланысты ағаны әңгімеге тарттым. Серікбай ағамыз күлімсіреп отырып басынан өткен бір хикаясын баяндап берді.
-Ол кезде мен (1956 жылдар) 7 сыныпта оқитын едім. Туған ағам Боранбай армия қатарынан келді. (1932 жылы дүниеге келген, қазір марқұм) Үйіміз МТС орталығынан үш шақырым жерде болатын. Кешке қарай МТС-та болатын киноға келетінбіз. Қазіргі жастар білмейді ғой. Ақ матаны үйдің қабырғасына іліп қойып, кино көрсетілетін. Бұл біздер үшін өте қызықты кино болушы еді… Сондай бір киноға келетін күні ағам Боранбай: -«Мальчик- жиренді» арбаға жегіп кел және жеңешең Жаңылсынды бірге ала шық, -деді. Ағаның айтқанын орындап, атарбамен киноға келдім. Кино біткеннен кейін арбаға қолында валеткасы бар (қол сөмкесі) қыз және жеңгем Жаңылсын үшеуміз міндік. Ал ағам өзі қасында жолдасы бар артымыздан жаяу еріп жүрді. Арбаға мінген қыз ағамның сөз байласқан қалыңдығы екен. Есімі — София. Бір қызығы үйге келгесін білдік Софияны ата-анасы біреуге айттырып қойған көрінеді. Бірақ София ағамды ұнатып тұрмысқа шығуға келісім берген. Ата-анасына сол киноға барар алдында өз еркімен кетіп бара жатқаны туралы хат жазып қалдырыпты. Алғашқы қалыңдық түскен екі күнінде София жеңгемізді жиналған шөптің арасына жасырып қойып жүрдік. Себебі Софияның МТС-та істейтін Насыр деген тентектеу ағасы бар болатын. Сол келіп тартып алып кете ме деген қорқыныш та болғаны рас еді. Үш күннен кейін әкеміз Сату Боранбай мен Софияны некеге тұруға жіберді. Ал Софияның ата-анасы қызының бұл әрекетіне ренжіп, екі жылға дейін хабарласпағаны есімде. Осы Боранбай ағам мен София жаңгем тату-тәтті өмір сүріп, төрт ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді. Қазіргі күнде София жеңгемнің жасы 83-те. Балаларының, немерелерінің қызығын көріп отыр. -Мен сөйтіп 13 жасымда «қыз алып қашу» хикаясына қатысып едім, -деп жымия күлді Серікбай ағамыз.
Бұл күнде замандастарымыз заманауи техникаларды пайдалана отырып, ғаламтор арқылы танысып жатқанда Серікбай ағамыз айтқан бұл хикая халқымызда жиі кездесетін дәстүр емес пе? ағайын!

Әсем БОЛАТ

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар