30.07.2018, 9:48
Қараулар: 4
БІРІКТІКТЕР ТАМАША КЕШ СЫЙЛАДЫ

БІРІКТІКТЕР ТАМАША КЕШ СЫЙЛАДЫ

Аудан орталығында Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, Елордамыз – Астананың 20 жылдығына және ауданымыздың құрылғанына 90 жыл толуына орай ауылдық округтер арасында «Туған жерім – Тұнған тарих» атты өнер фестивалі оздырылып жатырғанына барша қазталовтықтар куә. Міне, сол фестиваль аясында 29 шілде күні Бірік ауылдық округі «Достық» саябағында өздерінің концерттік бағдарламаларын ұсынды. Концертте сөз алған Бірік ауылдық округінің әкімі Батырхан Байғонақов барша ауылдастарды айтулы мерекемен құттықтап, кеш шымылдығын ашты.
Саябаққа жиналған көпшіліктің алдында Бірік ауылдық округінің көркемөнерпаздары өз өнерлерін ортаға салып, бір серпілітіп тастады. Әсіресе, ауылдың ардагерлерінен құралған хор тамаша әндер шырқап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Хор ортасында 81 жастағы Ораш Малаев ақсақал өнер көрсетіп, өзінің әліде болса қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүретінін тағы да бір байқатты.
Концертті тамашалаған ағайынға викториналық сұрақтар қойылып, жауабын тапқан көрермендерге сыйлықтар таратылса, сахна төрінде ұмытылған дәстүрлерміздің бірі – «босаға майлау» көрініс тапты. Концерттің тағы бір ерекшелігі жерлес ақын, композиторлардың «Қазталов вальсі», «Әжбайым» әндері орындалып, көпшіліктің рухын көтеріп тастады.
Әжбайлықтардың концерттік бағдарламасын тамашалаған қазталовтықтар саябақ төрінен төгілген күй мен әуелеген әдемі әндерден тамаша әсер алып, өздерінің кешкі демалыстарын керемет өткізді. Концерт аяқталысымен сахна төріне көтерілген Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов ауыл тұрғындары атынан Бірік ауылдық округінің көркемөнерпаздарына алғыс білдіріп, алғыс хат табыстады. Концерттен кейін келген үлкендерге киіз үйде дастархан жайылып, дәм ұсынылды.

Қайрат ЖАҚЫП