27.07.2018, 10:55
Қараулар: 26
ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАС ҮШІН

ҚЫСТАН ҚЫСЫЛМАС ҮШІН

24 шілде күні аудан әкімі Абат Шыныбековтің төрағалық етуімен кезекті кеңейтілген әкімдік мәжілісі өтті. Мәжілісте 2018-2019 ж. жылыту маусымына дайындық жұмыстары туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Нұржан Ислямов, аудандық білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы Жанболат Темірғалиев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрбол Иманғали, аудандық орталық аурухана директоры Қайырбай Алтаев, аудандық аурухана директорының орынбасары Сәлім Қалиевтер атқарылып жатқан жұмыстар туралы хабарлама жасады.
Хабарламаға құлақ түрсек, ауданда 41 мектеп жұмыс жасап тұр. Білім ордалары негізінен көгілдір отынмен жылытылса, 19 білім ордасы қатты отынмен жылытылады екен. Алдағы оқу жылында 345 тонна сұйық отын алу қажет етілсе, 815 тонна қатты отын алынбақшы. Мектептерді қажетті отынмен қамтамасыз ету үшін аудандық білім беру бөлімі қатты және сұйық отындарға сатып алу конкурстарын өткізіп, келісім шарттар жасаған. Сонымен қатар ауданның табиғи газбен жағылатын мектептері, балабақшаларының газ есептегіш қүралдары мен сигнализаторлары құралдарын тексерістен өтуде. Ал мәдениет саласы бойынша 51 тонна сұйық және 193 тонна қатты отынды сатып алу конкурсы ұйымдастыру жұмысы жүргізілуде. Бұнымен қоса Қазталов, Жалпақтал және округтердегі денсаулық сақтау ғимараттарында қысқы мерзімге әзірлік жұмыстары атқарылуда.
Мәжілісте жасалған хабарламаларды тыңдай келіп, аудан әкімі Абат Абайұлы кейбір мәселелерге салалық мекемелердің назарын аудартты. Атап айтқанда, білім беру және мәдениет орындарының кейбіреулері әлі күнге дейін қысқы мерзімге әзір емес. Мәселен, Тереңкөл орта мектебінің қазандықтары жөндеуді қажет етуде. Болашақ, Қарасу ауылдарындағы мәдениет үйлері қыс айларында салқын болады. Ал осындай тұрақты жылылық жоқ орындарда тиімді жұмыстар жүргізіледі деп айтуға бола ма?! Қыс айы жайбарақаттықты көтермейді. Сондықтан жаз айының тиімді уақыттарын пайдалана отырып, әлеуметтік орындар қыс айына сақадай сай болу қажет. Бұл жұмыстардың қорытындысы тиісті мекеме басшыларынан сұралатын болады, – деді аудан әкімі.
Аудан әкімдігінің мәжілісінде қаралған мәселелер бойынша тиісті қаулылар қабылданды.

Гүлнұр ҚАЗБЕК