24.07.2018, 11:00
Қараулар: 131
СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ АУДАНЫМЫЗДА

23 шілде күні ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев жұмыс сапарымен келді.
Халық қалаулылары өз жұмыстарын Жалпақтал аулында былтырғы жылы күрделі жөндеуден өткен № 15 өрт сөндіру бөлімінің жұмысымен танысудан бастады. Бұдан кейін депутаттар Жалпақтал аулының Байқоңыр көшесіндегі салынып жатырған 12 пәтерлік 2 қабатты үйге соғып, құрылыс жұмыстарын өз көздерімен көрді. Сонымен қатар Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жасалған саябақтағы «батырлар аллеясы» мен қылқалам шебері Сәкен Ғұмаровтың ескерткішіне келген депутаттар туған ауылдың перзенттері ауылдарына жасаған жақсылықтарына оң бағаларын берді.
Жалпақтал аулындағы атқарылған істерді аралап шыққан Нариман Төреғалиев пен Ерболат Мұқаев Жалпақтал мәдениет үйінің фоесінде қоғамдық ұйым өкілдері, ауыл ақсақалдары және мекеме басшыларымен кездесті. Кездесуде халық қалаулылары Қазақстан Республикасында қабылданып жатырған жаңа заңдар мен өзгерістер туралы мағлұмат бере келе, халықтың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді.
Ат басын аудан орталығы Қазталов бағытына бұрған Сенат депутаттары жолдан Жаңажол ауылына соғып, күрделі жөндеуден өтіп жатырған кіре беріс және ауыл ішілік жолдардың құрылысымен танысты.
Аудан орталығына келген Сенат депутаттары былтырғы жылы пайдалануға берілген 100 орындық интернатқа соғып, құрылыс жұмыстарының сапалы атқарылғанына куә болды. Сондай-ақ осы интернаттың қасында салынып жатырған саз мектебіне барған депутаттар құрылыс жұмысын атқарып жатырған «ЖолаушыЖол» мекемесінің уәкілдерімен кездесті.
Аудандық тарихи-өлкетану музейіне келген халық қалаулыларына қойылған экпонаттар туралы музей жетекшісі Назкеш Адаялиева қызықты әңгімелеп берді.
Сенат депутаттары жұмыс сапарларын «Нұр Отан» партиясының мәжіліс залында қортындылап, аудан активімен кездесті.

Қайрат ЖАҚЫП

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.