24.07.2018, 10:31
Қараулар: 97
ТӘЖ МАХАЛ. ВАНДАЛИЗМНІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛА МА?..

ТӘЖ МАХАЛ. ВАНДАЛИЗМНІҢ ҚҰРБАНЫ БОЛА МА?..

Жақында әлеуметтік желіде Үндістан елінің жоғарғы соты мемлекеттен Тәж Махалды орнынан сүріп (алып ) тастау туралы ұсыныс жіберді. Әлем халқы үшін «Махаббаттың еліне» айналған бұл мемлекеттен осындай ұсыныстың шығуы тосын жағдай болды. Тәж Махал деген қандай ескерткіш?
Жамуна өзенінің алабынан жоғары жатқан кереметтей, жарқыраған ұлы ғимарат Тәж Махал кесенесі – Үнді сәулет өнерінің тамаша үлгісі ғана емес, бүкіл жер жүзінің мақтанышына айналған, әлемдегі жеті кереметтің бірі. 1630 жылы басталған кесененің құрылысы 22 жылға созылған. Таң шапағымен қызғылт түске, күндіз ақ шаңқан, түнгі ай сәулесімен күміс түске боялатын мөлдір, ақ мәрмәрді Аградан 300 шақырым жерден алдыртқан екен. Ең кереметі кіре берістегі Құран сүрелері қара ақықтан, ал қабырғалардағы әшекейлер мен гүлдер қызғылт ақық, малахит, жақұт, нифриттен жасалып, мәрмәр тастың ішіне ойып салынған. Әлемдегі ең кесек алмас тас (бриллиант) «Кох-и-Нұр» осы мазарда тұрған. Он тоғыз жыл отасып, он үш құрсақ көтерген, он төртінші перзентін дүниеге әкелерде аяулы жар-қосағы Мұмтаз қаза болғанда, Үндістанның әйгілі билеушісі Жаһан шахтың ертегідей патшалығынан өзегін өртеген қайғысынан айықтырар ештеңе табылмаған: ұлы мемлекетті уысында ұстаған билік те, көл-көсір алтын, күміс, асыл дүние де, үндінің хор қызындай қылықты арулары да жұбаныш бола алмаған. Сыңарынан айырылған аққудай болған патша сүйіктісіне арнап, кейін әлемдегі жеті кереметтің біріне саналған Тәж Махал (ΧVII ғ.) ескерткіш-ғимаратын салдырып, өмірінің ақырына дейін соған қарап, шерін тарқатып өткен екен. Былайша айтқанда қазақтың сайын даласындағы «Қозы-Көрпеш-Баянсұлу» мазарын елестетеді. Ал бұл мазар екі жастың адал махаббаты болып біздерге жетті емес пе?!.
ХХI ғасырда , өркениеттің жоғары дамуына жеткен кезде жер-жерде вандализм күшейіп бара жатырғанын көзіміз көріп, естудеміз. Сонау тәліптер Ауғанстанға билік жүргізіп тұрған кезде тауға қашалып жасалған Будда құдайының ескерткішін қиратса, Вильнюсте Кеңес жауынгеріне қойылған ескерткішті орнынан алып тастады. Ал кешегі Сирия соғысында адамзаттың ортақ қазынасы Пальмира қаласы тас-талқан болды.
Міне бұның өзі бүгінде өркениеттің даму жолында, соның ішінде адам баласының сана-сезімі жоғарылаған сайын болып жатырған құбылыстар. Ал осы әрекеттерді немен ақтап алуға келеді? Ешқандай ақтап ала алмайсың. Осы орайда елімізде Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ойлар адамзатты жөнсіз әрекеттерден сақтануға да үндегендей болады. Соның бір нәтижесі бағдарлама аясында туған жердің әрбір тасын, тарихын, шежірелі жолын түгендеу үшін көптеген істер атқарылуда. Сондықтан да осындай жер-жаһандағы келеңсіз әрекеттер болмау үшін әрбір қазақстандық азаматтың бойында рухани сілкіністер мол болса екен дейміз.

Әсем БОЛАТ