24.07.2018, 10:06
Қараулар: 55
«ШӨП ШЫҒЫМЫ ШАМАЛЫ» ДЕГЕН СЫЛТАУ ҒАНА

«ШӨП ШЫҒЫМЫ ШАМАЛЫ» ДЕГЕН СЫЛТАУ ҒАНА

Маусым, шілде айлары басталғалы қайда бара қалсаңыз да қысқа мал азығын дайындау әңгімесі қызуда. Тек көбінің айтатыны: Биылғы жылы шөп шығымы шамалы, енді қайттік? — деген сауал туғызары сөзсіз.
Иә, осындай сөздерді естісеңіз мал ұстаған ағайынның тығырыққа тірелген жәйін көзіңізге елестеткендей боласыз. Бірақ, расымен жағдай осындай қиын ба?! Қандай мүмкіндіктер бар екенін байқап көрмек болдық.
Ауданымыз бойынша көлтабандарына су шыққан Көктерек, Қазталов, Болашақ ауылдық округтерінде шөптің шығымы жаман емес. Қазталов ауылы жанындағы Солдат көліне Сарыөзеннен мол су шығарылып, шөп бітік шықты. Мұндай мүмкіндікті қазталовтық ағайындар да уақытында пайдалана білді. Бір айдың ішінде шалғы-орақтарын сайлаған жас баладан, еңкейген кәріге дейін Солдат көлінде ерінбей еңбектенді. Қажетті мал азығын молымен дайындап алды. Ал қараобалықтар да шөпке шалғыларын жұрттан бұрын салып, мал азығының 70 пайызын жинап алғанына куә болдық. Енді мына суреттерден көріп отырғандарыңыздай Бостандық, Бірік, Тереңкөл, Болашақ ауылдық округтерінде шөп шабатын шабындықта жеткілікті. Тек бұрынғыдай әр ауылдың қасынан емес, алысқа қарай орақ салғанды қажет етеді. Тіпті кейбір жерлер жыл сайын шабылмай жататыны жасырын емес.
Бұл жәйттерді зерделей келе «шөп шығымы шамалы» құрғақ сөз сылтау ғана екеніне көз жеткіздік. Осындай сылтауды айтып, қамсыз жатқан ауылдар да, ағайындар да жоқ емес. Қазіргі күнде бір бума (руллон) шөптің құны 4000 мың теңгенің көлемінде сатылуда. Бұл баға күз, қыс айларында екі есеге көтерілмейтініне кім кепілдік бере алады?! Қылышын сүйретіп жететін «кәрі құданың» да қандай мінез танытатыны әлі белгісіз. «Қыстың қамын жаз ойла» — деп бекер айтылмаса керек. Сол себептен ерінбей мал азығын дайындауға кіріскеніміз жөн. Еңбектенген, малының қамын ерте ойлаған адам ғана малын «кәрі құданың» ауылынан аман алып шығары хақ.

Қайрат ЖАҚЫП