19.07.2018, 10:55
Қараулар: 4
ЖЕРЛЕСІМІЗ МУСАҒАЛИ ТАСҚАЛИЕВТЫҢ ӨРІЛГЕН ЖЫР КЕШІ

ЖЕРЛЕСІМІЗ МУСАҒАЛИ ТАСҚАЛИЕВТЫҢ ӨРІЛГЕН ЖЫР КЕШІ

12 шілде күні Ақтөбе қаласындағы «Алаша» мейрамханасында республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы, Қазақ журналистикасының қайраткері, Қазақ Спорт және Туризм академиясының құрметті профессоры, Мусағали Тасқалиевтің «Мен іздеген қазына» атты тұңғыш жыр жинағының тұсаукесері өтті.
Мусағали Сабырғалиұлы Жалпақтал аудандық «Жалпақтал өңірі» кейін тәуелсіз «Дидар» газетінде қатардағы тілшіден, редакторлыққа дейін көтерілген азамат. Жерлесіміздің кешінде елге белгілі өнер иелері Бағдагүл Төлеутаева мен Орынгүл Исмағұлова және Еркін Бақтияровтардың Мусағали Сабырғалиұлының сезімге толы жырларын оқудан бастаса, одан кейін «Алаш» театрының әртістері Отан, туған жер және дін, достық туралы жырларын нақышына келтіріп оқып берді.
Кештің үшінші бөлімін «Қос Шынар» Әлия-Мәншүк атындағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес ағамыз ашып, өзінің жүрекжарды құттықтауы мен ақ батасын берді.
Елге сыйлы ақсақалдың сөзін Мусағалидың анасы орнындағы жеңгесі Мәнет апай мен Қазақстан жазушылар одағы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының Бауыржан Құрманқұлов пен «Кеңес» Жиһаз үйінің директоры, еркін күрестен КСРО спорт шебері Кеңес Жаңабаевтар жалғастырып, Бауыржан ағамыз кеш иесіне облыстық жазушылар одағы атынан алғыс хат пен Алматы қаласынан келген «Халықаралық журналистер одағы» мүшелік билеті мен төсбелгісін тарту етті.
Жерлесіміздің жыр кешіне аудан атынан Талдыапан ауылдық округ әкімі Асқар Есқалиұлы мен аудандық мәслихат депутаты, спорт пен өнер жанашыры Нұрлыбай Жолдыбайұлы және Мусағалидың журналистика саласында алғашқы еңбек жолы басталған Жалпақтал ауылынан аудандық «Ауыл айнасы» газетінің аға тілшісі Тұрарбек Ақмурзиндерге беріліп, жерлестері кеш иесіне ауылдастарының ыстық сәлемі мен сый-сияпатын жеткізді. Жерлес інісі Нұрлыбай Жолдыбайұлы өз атынан Мусағали Сабырғалиұлына ат міңгізгені елден алыста жүрген ағасына көрсеткен інісінің үлкен құрметі болды.
Жалпы кеш барысында өздерінің шын жүректен шыққан құттықтауларын білдіріп, Мусекеңнің қуанышын бөлісіп келген жанашыр ағайын өте көп болды. Олардың арасында самбо күресінен Қазақстан мен Қырғызстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, ұзақ жыл Ақтөбе облысы спортын басқарған білікті басшы, «Спорт жұлдыздары» журналы газет ретінде жарық көргенде ең бірінші болып қолдаған, болашағына үлкен сеніммен қараған жанашыр ағамыз Асылбек Құлмағамбетов пен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұстазы, ҚР құрметті спорт қызметкері Әбілғазы Құлмағамбетовтер, «Ақжарқын» жылжымайтын мүлік агенттігінің директоры, ақын апамыз Марита Қабижанқызы, ұлағатты ұстаз Күлшат апай, Ақтау қаласынан келіп отырған ақын ағамыз Ғабиден Шоханов, Ахмет Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің директоры, Аманжол Исмагулов, Орал қалалық №3 балалар саз мектебінің директоры Мереке Тұяқов, ұлағатты ұстаз Бейбіт Мұқанов, Атырау облысы Қызылқоға аудандық газетінің редакторы Бауыржан Сисенов және Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда облыстарынан келген ағайын-тумалары, достары мен сыйлас інілері мен бірге қызмет атқаратын әріптестері болды.
Кеш барысында құттықтау, ақ тілектер Мусағали ағамыздың сөзіне жазылған әсем әндермен өріліп отырды. Орал қаласынан келген құрметті есімі елге белгілі әнші, халықаралық «Азия дауысы», «Золотой шлягер», «Мальта әндері», «Севастополь-2005» және республикалық «Жас қанат» байқауларының лауреаты, халықаралық «Жаһан дала» байқауы мен «Еврофест» фестивалінің Гран-При иегері, «Алтын домбыра» президенттік сыйлығының иегері Марат Сарыбөпеев, Мусекеңнің жұбайы, еліміздегі патриоттық бағыттағы бірден-бір әнші-сазгер Орынгүл Исмағұлова, әнші-актриса Бағдагүл Төлеутаева және «Алаш» театрының жігіттері ол әндерді тамылжыта шырқап, кешке жиналған көпшілік риза болды.
Мусағали Сабырғалиұлы тек жүректі тебірентер жырлар жазып қана қоймай, өзінің де ән шығаратын өнері бар екен. Өзі жазған бірнеше әндердің ішінен осы кешке дайын болған «Бір өзіңсің» әнің «Алаш» театрының әншілері нақышына келтіре орындап берді.
Кеш соныңда Мусағали Тасқалиевтің жұбайы Орынгүл Исмағұлова жұбайына тарту ретінде Елена Әбдіхалықованың сөзіне жазылған өзінің «Өмір-өлең» әнің тарту етті.
Өмір зулап өтеді, қалады өлең,
Жүрегімнің лүпілің санамда өрем.
Жұртым аман тұрғанда жырға ғашық,
Сөнбеймін мен, жұлдыз боп жана берем!
– деп айтылған Елена ақынның тамаша жыр жолдары қарапайым ғана тіршілік кешіп, базбіреулер секілді түймедейді түйедей етпей, үндемей-ақ үлкен тірліктер атқарып жүрген Мусағали Сабырғалиұлы секілді азаматтың еңбегіне лайықты бағасын беріп тұрған секілді!

Тұрарбек АҚМУРЗИН