19.07.2018, 10:42
Қараулар: 23
БОЛАШАҚТЫҚТАР ӘДЕМІ КЕШ СЫЙЛАДЫ

БОЛАШАҚТЫҚТАР ӘДЕМІ КЕШ СЫЙЛАДЫ

14 шілде күні «Достық» саябағында Астананың 20 жылдығына және ауданымыздың 90 жылдығына арналған Болашақ ауылдық округінің «Туған жерім, тұнған тарих!» атты өнер фестивалі өтті. Бұл фестивальге болашақтық өнерпаздар жоғары деңгейде дайындалғанын айта кету керек. Ақшаңқай киіз үйдің ішінде үлкендерге ұлттық тағамдардан дәм татқызса, қолөнер көрмесін де ұйымдастырып, түрлі ұлттық ойындар да өтіп жатты. Шараның ашылу салтанатында сөз алған Болашақ ауылдық округінің әкімі Қобылан Дүйсенов округ тұрғындарының ыстық ықыласын жеткізсе, Қазталов ауылдық округінің әкімі Жүсіп Шакуов әрдайым да ауданымыздың дамуы жолында аянбай еңбек етіп жүрген округ ұыжымына алғысхат табыстады..
Концерттік бағдарламада «Әжелер» ансамблі әсем әннен шашу шашып, бишілер мың бұрала би билеп, өз өнерлерін ортаға салды. Сондай-ақ поэзия топтамасына кезек беріліп, аудан орталығының аспаны жырға бөленсе, КТА ойыншылары да әзілдерін көрерменге ұсынды. Бұнымен қатар ұлттық көріністер көрсетіліп, ұмыт қалып бара жатырған ұлттық дәстүрлер жаңғыртылды. Шалғай ауылдан келіп, өнерлерін ортаға салған болашақтықтарға тұрғындар ризашылықтарын білдіріп жатты.

Жұлдыз АСҚАР