19.07.2018, 10:33
Қараулар: 54
АШЫҚ ЕСІК» КҮНДЕРІ АЯСЫНДАҒЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

АШЫҚ ЕСІК» КҮНДЕРІ АЯСЫНДАҒЫ ТҰРҒЫНДАРМЕН КЕЗДЕСУ

14 шілде күні аудан әкімдігінің «Ашық есік» күндері аясында аудан әкімі Абат Шыныбеков Ордабай, Қошанкөл, Беспішен, Мереке және Нұрсай ауылдарының тұрғындарымен кездесті.
Тұрғындармен өткен жиында Қошанкөл және Тереңкөл ауылдық округтерінің әкімі Радж Шарипов пен Ернар Ғалимов округтерде жыл басынан бері атқарылған жұмыстардан қысқаша xабарлама жасады.
Жиында аудан әкімі Абат Абайұлы ауданда жасалып жатырған істер туралы баяндап, алда тұрған жоспарлармен бөлісті. Сонымен қатар бірқатар мекеме басшылары ауыл шаруашылық, жұмыспен қамту, ветеринария саласы бойынша бағдарламалармен таныстырып, өзгерістерді айтып өтті.
Ауыл тұрғындары да өздерінің көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, Ордабай ауылының xалқы ауызсу, құдық қазу, малға жем-шөп дайындау, сонымен қатар ауыл тазалығы мәселелерін көтерсе, қошанкөлдіктер ветеринария саласы бойынша өз сауалдарын қойып, мал жайылымы туралы тілге тиек етті. Ал Мереке ауылының тұрғындары аудан әкімі шабандық жердің мәселесі мен «Тереңкөл-Мереке» бағытындағы жолдың тегістелуін назарда ұстаса деген ұсыныстарын жеткізді.
Кездесулер барысында аудан әкімі округтердегі әлеуметтік нысандарды аралап, Қошанкөлдегі ауыз су құдығының тазалау жұмысымен танысып өтті.

Гүлнұр ҚАЗБЕК