19.07.2018, 10:25
Қараулар: 92
ТАРИХЫМЫЗДЫ ЗЕРДЕЛЕЙТІН МУЗЕЙ АШЫЛДЫ

ТАРИХЫМЫЗДЫ ЗЕРДЕЛЕЙТІН МУЗЕЙ АШЫЛДЫ

Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Қазталов ауданы орталығында 12 шілде күні аудандық тарихи-өлкетану музейі ашылды. Аудан тарихынан сыр шертетін бұл нысанның ашылуына аудан әкімі Абат Шыныбеков өзі мұрындық болса, аудан тұрғындары да атсалысты.
Музейдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Абат Шыныбеков,- Аудан орталығында ашылып отырған бұл музей ауданның ақсақалдары мен тұрғындарының көптен бері көтеріп келе жатырған мәселелерінің бірі болатын. Міне, осы істі қолға алып, бүгін Астанамыздың 20 жылдығына тарту етіп отырмыз. Өлкеміздің тарихы мен табиғатынан мол мағлұмат беретін осы музей өскелең ұрпақтың сүйікті орнына айнала берсін!- деген тілегін жеткізіп, музей ұжымына КСРО-ның халық әртісі, жерлесіміз Хадиша Бөкееваның портретін сыйға тартты. Музейдің ашылу салтанатына қатысқан Батыс Қазақстан мәдениет басқармасының бөлім басшысы Сәуле Қарабалина да өз тілегін білдіріп, аудан тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтады.
Жаңадан тұсауы кесілген өлкетану музейінің қорында қазірдің өзінде 2 мың жарымнан астам жәдігер бар. Тарихтың талай-талай айтулы оқиғасы өткен шежірелі топырақтағы бұл ғимаратта Қазталов ауданының өткені мен бүгіні көрініс тапқан. Ғимарат 4 экспозициялық бөлмеден тұрады.
Музей жетекшісі Назкеш Адаялиеваның айтуынша музейге керекті жәдігерлер күнен-күнге толығу үстінде екен.

Қайрат ЖАҚЫП