19.07.2018, 10:06
Қараулар: 27
«АДАЛ ЖОЛ – ЧЕСТНЫЙ ПУТЬ» МАРАФОНЫ АУДАНЫМЫЗДА

«АДАЛ ЖОЛ – ЧЕСТНЫЙ ПУТЬ» МАРАФОНЫ АУДАНЫМЫЗДА

Елбасының 2018 жылдың 10-қаңтарында жариялаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына жолдауынның «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» аталатын 9-міндетін орындау мақсатында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі 2018 жылға арналған кешенді жоспар белгілеген болатын.
Осыған сәйкес бүгін ауданымызда «Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы республикалық марафонының аудандық деңгейінің ашылу салтанаты өтті. Аталмыш жоба эстафетасын Жәнібек ауданынан біздің ауданымызға табыстау үшін Жәнібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов, Жәнібек аудандық мәслихат хатшысы Тахир Қадимов, «Нұр Отан» партиясы Жәнібек аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Біржан Қуанәлиев, аудандық қоғамдық кеңестің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегияның іске асырылуына сыртқы талдау және бағалау жөніндегі арнайы мониторингтік топтың төрағасы Бекет Әліпқалиев арнайы келген болатын. Аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова мен ауданымызда құрылған мобильдік топ мүшелері қонақтарды жолдан күтіп алды. Марафон барысында автошеру ұйымдастырылып, көрші ауданнан келген қонақтармен бірге орталық саябаққа бағыт алып жүріп өтті. Өз кезегінде сөз алған Жәнібек ауданы әкімінің міндетін атқарушы Біржан Меңешов сыбайлас жемқорлықпен күрес — ортақ міндет екенін айта келіп, «Адал жол – Честный путь» сыбайлас жемқорлыққа қарсы эстафетасын аудан әкімі Абат Абайұлына табыстады. Марафонның ашылу жиынында ауданымыздың көркемөнерпаздары әннен шашу шашып, жастарымыз «Сенің «жоқ» дегенің өте маңызды» ұранымен мағыналық көрініс көрсетті.
МАРАФОН БАРЫСЫНДАҒЫ ШАРА:
Аудан орталығындағы мекемелер өз арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы эстафетаны өткізген болатын. Эстафетаны бастаған аудан әкімі аппараты мекемесі болатын. Аудан әкімі аппараты басшысы міндетін атқарушы Жандос Дүйсенғалиев, — Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады. Сондықтан сыбайлас жемқорлықпен күресу барлық Қазақстан Республикасы азаматтарының азаматтық борышы деп білу керек,- деп, эстафетаны аудандық білім беру бөлімі, аудандық мәслихат және аудандық қоғамдық кеңес мекемелер басшыларына табыстады. Осылайша эстафета аудандық ішкі саясат бөлімі, «Нұр Отан» партиясы, аудандық экономика және қаржы бөлімі, аудандық кірістер басқармасы, статистика бөлімі, Қазталов ауданының тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобильдер жолдары бөлімі, аудандық ішкі істер бөлімі, халыққа қызмет көрсету орталығы, әділет басқармасы, аудандық жер қатынастары бөлімі, қазынашалық мекеме, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, жұмыспен қамту орталығы, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі, аудандық орталықтандырылған кітапхана, аудандық «Айбын» спорт клубы және аудандық аурухана мен Қазталов ауылдық округінің әкімдігі мекемелері арасында жалғасын тапты.

Гүлнұр ҚАЗБЕК