11.07.2018, 11:15
Қараулар: 57
ШӨП ЖОҚ ДЕП АУЫЗДЫ ҚУ ШӨППЕН СҮРТУГЕ БОЛМАС. БҮГІНГІНІҢ СКОРОДУМОВЫ ҚАЙДА?..

ШӨП ЖОҚ ДЕП АУЫЗДЫ ҚУ ШӨППЕН СҮРТУГЕ БОЛМАС. БҮГІНГІНІҢ СКОРОДУМОВЫ ҚАЙДА?..

Қазіргі күнде шаруа қуған адамдар мал азығын дайындаудың қамымен жүр. Алдағы қыс айының қандай болатынын бір Алла біледі ғой. Ал өткен қыс өзінің ұзақтығымен және қар аралас жаңбырымен мал баққан шаруа адамдарын әбігерге салғанымен есте қалары сөзсіз. Енді бұл жағдайды қайталамау үшін жаздың әрбір күнін тиімді пайдалану – басты мақсат болуда. Осы орайда ауданымызда мал азығын дайындаудың жұмыстары қарқынды жүруде. Ауданымыз бойынша 350 мың тонна табиғи мал азығын дайындау жоспары тұрса, осы жұмыстарды атқаруға 260-қа жуық техникалар іске қосылуда. 16 округтегі мал азығын дайындаудағы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметіне сүйенсек, Тереңкөл ауылдық округі — 29 пайыз орындаумен алда келеді екен. Сонымен қатар жеке тұрғындар да қолдарындағы малдарына мал азығын дайындау үшін күн-түн демей білек сыбана кірісуде. Мәселен Қазталов ауылының жанындағы Солдаткөлдің 260 га (суармалы көл) жері 181 тұрғын адамдарға бөлініп берілді. Биылғы жылы су шығарылғандықтан болар шөптің түсімі де жаман емес. Гектарынан 7,5 центнер шөп дайындалуда. Бұнымен қоса ауданның шаруа қожалықтары далалық шабындықтардың да шөбін шабуда.
Енді осы жерде аздап шегініс жасайық. Өткенде Бірік ауылдық округінің Саралжын елді мекенінен бір ағайынды кездестіріп қалдым. Сонда оның айтқаны: -Шөп жоқ деп ауызды қу шөппен сүртуге болмайды. Даярлай білсек қысқа жететін табиғи шөп бар, -деді. Расында да тиімді жинай білсе Жер-Ананың төсінде малға азық болар шөп көп қой. Бала кезімізде көре қалдық Қазталов ауылындағы Ихсанов көшесінде Скородумовтар отбасы тұрды. Соның отағасы күн сайын велосипедпен қапшықтап сай-саланы қол орақпен шауып, қолындағы бір-екі сиырына шөп дайындап алатын. Ал бүгінде осындай еңбекқор адамдар азайып бара жатқан сияқты көрінеді. Айналамызға зер салсақ, техника бара алмайтын сай да, тоғанның, жолдардың жағасы да толып жатыр. Ал сол жерлерде көк құрақтар жайқалып тұр емес пе? Тек оған ниет керек, ынта керек. Міне, осындай жұмыстарды өзіміз ұйымдастырып, өзіміздің шаруамыз үшін жасасақ, алда келе жатырған қыстан қиналмай шығарымыз сөзсіз.

Әсем БОЛАТ