11.07.2018, 10:46
Қараулар: 128
ЖАЛПАҚТАЛДА АСТАНА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

ЖАЛПАҚТАЛДА АСТАНА КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

Жуырда Жалпақтал мәдениет үйінде Елордамыз Астананың 20 жылдық мерекесіне орай мерекелік шара өтті. Бұл шараға аудан әкімі Абат Шыныбеков арнайы қатысып, Жалпақтал жұртшылығын мерекемен құттықтады.
Бүгінде төрткүл дүние көз тіккен Қазақстан жер бетіндегі қуатты мемлекеттердің қатарына еніп, еңсесін тіктеді. Ең бастысы, болашаққа бағыт-бағдар берген бас қала — Астананы айшықтап алдық. Онда, әрине, қысқа уақыт ішінде тотыдай таранған ару қала Астананың ажары күн санап артып, болашаққа нықтап табан тірегені айтылды. Бұған ең бірінші, еліміздің кемеңгер көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатының ықпалы тигені ақиқат. Тарихқа зер салсақ, Елбасы 1998 жылы Алатаудың бөктерінен Астананы Арқа төріне көшіргенде кейбір адамның күмәнмен, күдікпен қарағаны да жасырын емес. Сол кездегі келешекке деген сенімсіздік көп өтпей-ақ сейілді. Еркелей аққан Есіл өзенінің қос қапталынан бой көтерген еңселі Елордамыздың сәулеті мен келбеті күн өткен сайын көрер көзге көрік беріп, көркейіп келеді. Дәулеті де жүрек жылытып, көңіл нұрландырады.
-Киелі тәуелсіздігіміздің тірегі, сүйікті Отанымыздың жүрегі — Астана — ең алдымен, азаматтығымыздың символы, мемлекетіміздің жаһан алдындағы жаңаруының нышаны, халқымыздың ғасырлар бойғы арман-тілегінің шынайы болмысы. Еліміздің жаңа тарихының шынайы шежіресі, қарқынды дамуымыздың, қол жеткен жетістіктеріміздің, абырой-беделіміздің, береке-бірлігіміздің жарқын көрінісі, келісім мен сенімнің құт мекені. Құшағын кеңге жайған Астана көп кешікпей әлемнің ең тартымды және бәсекеге қабілетті Елордаларының қатарына кіретініне сенімдімін. Еліміздің, Астанамыздың мәртебесі асқақтай берсін. Астана күні құтты болсын, — деген Абат Абайұлы Астананың 20 жылдық мерекесіне орай «Ел жүрегі – Елорда» атты Астананың 20 жылдық мерекесіне орай өткен облыстық ардагерлер байқауының лауреаты халықтық «Шапағат» әжелер ансамблінің жетекшісі Баян Қабиеваны, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушы, биылғы жылы шәкірті дзюдо күресінен ел чемпионы және Азия кубогінің иегерінің жаттықтырушысы Нұрлан Қауметовты, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы қол күресінен облыс әкімі кубогінің жеңімпазы Талғат Әжниязовты, меценат, жеке кәсіпкер Ахметқали Қарағойшинді, кәсібін дөңгелеткеніне 20 жыл толған, жеке кәсіпкер Гүлбану Шукаеваны, Талдыапан ауылдық округіне қарасты «Еламан» шаруа қожалығының жетекшісі Орал Жұмалиевты аудан әкімдігі атынан алғыс хаттармен марапаттады. Мұнан кейін округ әкімі Самиғолла Ақмурзинауылымыздың жастары арасында белсенділік танытып жүрген жастарымызды марапаттап, жылы лебізін білдірсе, Атырау медициналық колледжінің түлегі, Астананың құрдасы Аружан Нұрланқызы, Астана қаласындағы Л.Гумелев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің студенті Бақытжан Ғилымов та өздерінің ақжарма тілектерін айтты.
Салтанатты шара соңында Жалпақтал мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Ел жүрегі – Астана» атты мерекелік оздырылды.

Тұрарбек ҚАЙЫРҒАЛИ

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.