5.07.2018, 17:24
Қараулар: 91
АУЫЗСУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮЙТКІЛДІ ШЕШУ ҮШІН

АУЫЗСУҒА БАЙЛАНЫСТЫ ТҮЙТКІЛДІ ШЕШУ ҮШІН

5 шілде күні аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі, коммуналдық кәсіпорын, аудандық құрылыс бөлімі басшыларымен және Қазталов ауылдық округі әкімімен тұрғындарды ауызсумен қамту мәселесі жөнінде брифинг өткізілді. Брифингке «Нұр Отан»партиясы аудандық филиалы, аудандық ішкі саясат бөлімі және қоғамдық ұйым өкілдері, көше комитетінің мүшелері қатысты.
Брифингке қатысушылар алдында аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімі, коммуналдық кәсіпорын, аудандық құрылыс бөлімі басшылары тұрғындарды ауызсумен қамтудағы жағдай туралы хабарлады.
Қазіргі күнде Лекер артезиан құдығынан аудан орталығына тәулігіне 240 текше литр су беріліп отыр. Оның 40 шаршы литрі Әжбай ауылына беріледі. Жаз айындағы суға сұраныстың өсуіне байланысты қосымша 3 су таситын көлік шығарылып, тәулігіне 16 рейс жасалынуда. Беріліп жатқан ауызсуды тиімді пайдалану үшін арнайы комиссия құрылып, тұрғындарға түсінік жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күнде су 2 мезгіл, таңертеңгі 6-30-да және кешкі 18-де 240 текше литр судың бітуіне дейін жіберіледі. Алайда, анықталып отырғандай кейбір тұрғындар осы берілген суды үйлеріндегі құдықтарына тартып алса, сондай-ақ мал суаруға да пайдалануда. Нәтижесінде құбыр арқылы келетін судың қысымы төмендеп, ауылдың ДСК бағытындағы үйлерге ауызсу бармай қалу жағдайы қалыптасуда.
БҰЛ ЖАҒДАЙДАН ШЫҒУДЫҢ ЖӘЙІ ТУРАЛЫ МАМАНДАРДЫҢ КЕЛТІРГЕН ПІКІРІ:
Аудан орталығына ауызсудың жетіспеушілігін шешу үшін Лекерден екінші құдықты іске қосуға, тағы да бір су құбырын тарту жоспарлануда. 14 шақырым су құбырын тарту үшін оның жобалық-сметалық құжаттамалары жасалып, сараптамадан өтті. Жобаның құны 200 млн. теңгені құрайды. Егер облыстан осы жұмысты бастау үшін алғашқы кезеңдегі қаражатты берсе, құрылыс жұмысы жүргізіледі. Сол кезде аудан орталығына тәулігіне 500 текше метр су берілетін болады.
ТЕХНИКАЛЫҚ СУ ЖІБЕРУ МӘСЕЛЕСІ:
Көшелерге техникалық су жіберу үшін арнайы құбырлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Биыл кедергі болған бір жағдай осы суды айдайтын су сорғыш моторының қолды болып кетуінен туындауда. Бұл мәселе бойынша арнайы тергеу жұмыстары да жүргізілуде.
ҚОҒАМДЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ЖӘНЕ КӨШЕ КОМИТЕТІ МҮШЕЛЕРІНІҢ БРИФИНГТЕ АЙТҚАН ҰСЫНЫСТАРЫ:
Ауыл тұрғындарының қазіргі жағдайды ескере келіп, ауызсуды үнемді пайдалану үшін басқа пайдалану көздеріне арнайы су таситын көлікпен өзеннен су алуды ұйымдастыру. Су құбырларының шахталарын жиналып қалған жер асты суларынан тазарту, әрбір тұрғынның ауызсуды пайдаланудағы су есептегіш құралын комуналдық мекеме қызметкерлері жиі тексеру, «Ақбұлақ» бағдарламасын жүргізген мердігерлік мекемені шақыртып, атқарып кеткен жұмыстың сапалығын тексерту.
ТҮЙІН:
Сағат жарымға созылған брифингке қатысқандар ауызсуға байланысты қалыптасып отырған ахуалға түсіністікпен қарап, өздерінің сауалдарын да қойып, ұсыныстарын да білдірді. Ашық әңгіме нәтижесінде ортақ мүдде үшін әрбір адамның да жауапкершілік болатыны нақтыланды.

Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Гүлнұр ҚАЗБЕК

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.