5.07.2018, 17:22
Қараулар: 175
ҚОС АУЫЛДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

ҚОС АУЫЛДА АУЫЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ

Жұртшылық үшін аса маңызды болып отырған ауызсу мәселесі Қазталов ауданында жыл өткен сайын оңтайлы шешімін тауып келеді. Күрмеуі қиын мәселе мемлекеттік «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.
Сөз еткелі отырған оқиға «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша Елордамыз – Астана қаласының 20 жылдығына орай 4 шілде күні Қайыңды, Ақпәтер ауылдарында таза ауызсу жүйесін қайта жабдықтау жұмыстары аяқталып, іске қосылды.
Нысандардың ашылу салтанатына арнайы қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Қонысбаева Қайыңды, Ақпәтер ауылдарының тұрғындарын құттықтап, — Елбасымыздың сарабдал саясатының арқасында ауылдарды таза ауызсумен қамту жұмыстары жүзеге асуда. Елімізде «Ақ бұлақ» бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаның басты мақсаты биік. Халықты қажетті мөлшердегі және сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Осы орайда облысымыз бойынша былтырғы жылдан бері жобалық құны 4 млрд теңге құрайтын таза ауызсу құрлығыларының құрылыс жұмыстары іске асуда. Сол қатардағы жұмыстар Қазталов ауданының 13 елді мекенінде атқарылуда. Өздеріңіз куә болып отырғандай таза ауызсу жүйелерін Қайыңды мен Ақпәтер ауылдарында қосып отырмыз. Денсаулықтың кепілі болатын ауызсуларыңыз сарқылмасын,- деген тілегін білдірді.
Сондай-ақ нысандардың ашылу салтанатында аудан әкімі Абат Шыныбеков құрылыс жұмыстарын жүргізген «НовоселСтройСервис» және «БатысГазСтой» ЖШС-нің басшыларына ауыл тұрғындары атынан ризашылығын білдіріп, алғыс хаттар табыстады.
Қос нысанның ашылу салтанатынан кейін облыс әкімінің орынбасары Бибігүл Тищанқызы таза ауыз су қондырғыларының жұмыстарымен танысып, ауыл ақсақалдарымен кездесті. Сондай-ақ Бибігүл Тищанқызы ауызсу өткен үйлерге де кіріп шықты.
Ауыз судың шапағатын көріп отырған жанның бірі – Сақыпжамал Жұмалиева. Зейнеткер апамыз Ақпәтер ауылында ұзақ жылдар ұстаздық қызмет атқарыпты.
– Елімізде сапалы ауыз суға жарымай отырған елді-мекендер көп-ақ. Өзіміздің басымыздан өтті ғой. Бұл мемлекеттік бағдарламаның арқасы. Осының аясында да көптеген елді-мекендерге, әсіресе шалғайдағы ауылдарға да су тартылып, халық сапалы ауыз судың игілігін көре бастады.
Бізде үйімізге су кіріп рахатын көріп жатырмыз. Су тіршілік көзі ғой. Осындай игі істер су зардабын көріп отырған әр ауылда атқарылып жатыр. Осы жұмыстарды атқарған барлық азаматтарға алғысым шексіз, – дейді Сақыпжамал апа.
Айта кететіні, Қайыңды ауылындағы таза ауызсу жүйесін қайта жабдықтау жұмысына 196 млн теңге қаражат жұмсалса, Ақпәтер ауылындағы нысанның қайта құру жұмысына 247 млн теңге республикалық бюджеттен бөлінген болатын. Құрылыс нысандары толығымен сапалы аяқталып, екі ауылдың тұрғындары таза ауызсумен қамтылуда.
Жоғарыда аталған қос ауылға да Қараөзен өзені арқылы тазарту құрлығылары қойылып, ауызсу жүйесі тартылып отыр.
Ел ырыздығын арттырып, көптің алғысын арқалаған «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан бұл бір аудандағы іс. Осы сияқты облыс бойынша қаншама ауылға ауызсу жетіп жатыр. Келешекте су машақатын көріп отырған тұрғындардың жанайқайы да осылайша оң шешімін тауып жатса игі.

Қайрат ЖАҚЫП

Жаңалықтар

Басқа да мақалалар

Қалдыру жауабы бар

Сіздің электрондық пошта мекенжайы жарияланбайды.